Әкесі мен баласы қаза тапты, тағы біреуі үйінді астынан іздестірілуде: Майбалық ауылындағы алапат өрттің мән-жайы белгілі болды

11 қаңтар күні кешке М. Жұмабаев атындағы ауданның Майбалық ауылында жантүршігерлік өрт тіркелді. Аумағы 64 шаршы метр болатын тұрғын үй толықтай жанып, шатыр опырылып түсті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, алғашқы бөлімшелер келген сәтте үйді от толықтай шарпыған. Үйінділерді қопару барысында құтқарушылар ер адам мен бір баланың мәйітін тапты. Үй ішінде болған екінші кәмелетке толмаған баланың тағдыры әлі белгісіз, оны іздеу жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнына жеке құрамнан 24 адам, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы жасағы жұмылдырылған.

Оқиға орнында үй иесімен ТЖД психологтары жұмыс істеуде.

Түні бойы және таңертең ауыл тұрғындары өрт сөндірушілерге үйінділерді тазалауға көмектесіп жатыр. Ауылда жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаражат жинау басталғаны белгілі. Өрттің шығу себебін мамандар анықтауда.
