Фоторепортаж: Тимирязев ауданында Жеңіс күнін қалай қарсы алды

Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті. Аудан орталығы Тимирязево ауылында мерекелік шаралар Ұлы Отан соғысы батырларын еске алып, сарбаз ескерткішіне гүл шоқтары мен веноктар қою рәсімінен басталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жергілікті тұрғындар мерекеге отбасыларымен келді. Барлығының мақсаты – бізге бейбіт өмір сыйлаған жандарды еске алу.

Жиналған қауым алдында аудан әкімі Ерлан Жаров сөз сөйледі. Ол Жеңіс күні – халқымыздың ерлігі, батырлығы мен өшпес рухының қасиетті мерекесі екенін атап өтті.
«9 мамыр — жеңімпаз ұрпаққа деген терең алғыс күні. Олар адам айтқысыз қиындықтар мен зор шығындарға қарамастан, бейбітшілік пен бостандықты қорғап қалды. Біз майданда қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етіп, Жеңісті жақындатқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл халық үшін ауыр сынақ болды. Қазақстандықтар табандылық, ерлік және шынайы отансүйгіштік танытты. Бір миллионнан астам жерлесіміз майданға аттанып, олардың көпшілігі туған жерге оралмады. Олардың ерлігі Отанға адал қызмет етудің мәңгілік үлгісі болып қала береді», — деді ол.

Бүгінде Тимирязев ауданында 14 тыл еңбеккері тұрады. Олардың жанқиярлық еңбегі, рухының мықтылығы мен Отанға деген адалдығы ортақ Жеңіске зор үлес қосты.
«Мемлекет алдағы уақытта да ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдауға ерекше көңіл бөледі. Аға буынға қамқорлық жасау — біздің ортақ парызымыз әрі бізге бейбіт өмір сыйлаған жандарға деген зор құрметтің белгісі. Бұл күн бізге ұлттың күші — бірлікте, Отанға адалдықта және тарих алдындағы жауапкершілікте екенін еске салады. Біз Жеңіс ұрпағы қорғаған бостандық, тәуелсіздік және әділеттілік секілді құндылықтарды сақтап қана қоймай, қорғауға міндеттіміз», — деді Ерлан Жаров.

Салтанатты бөлім ауқымды мерекелік концертке ұласты. Көрермендерге жергілікті вокалдық және хореографиялық ансамбльдер патриоттық шығармалар мен соғыс жылдарындағы сүйікті әндерді орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

