Ғауез Нұрмұхамбетов Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда жолдардың ауқымды түрде жөнделетіні туралы айтты

2026 жылдың алғашқы жұмыс күнін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапарынан бастады. Ол ең шалғай округтердің бірі – Чистополь ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті және әлеуметтік нысандардың жай-күйін тексерді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Соңғы жылдары ауданның даму бюджеті екі есеге артып, 20 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге жетті. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жол мәселесі болды. Әкім биыл «Рузаевка – Ақмола облысы» автожолын ауқымды күрделі жөндеу басталатынын, оның құны шамамен 30 млрд теңге болатынын айтты.

Чистополь ауылдық округінің бюджеті де айтарлықтай өсті: соңғы үш жылда ол 449 млн теңгеге жетті. Осы кезеңде әлеуметтік нысандар жөнделіп, бірқатар абаттандыру жобалары жүзеге асырылды.
«Негізгі мәселелердің бірі – жолдардың жай-күйі. Соңғы екі жылда республикалық маңызы бар “Петропавл – Жезқазған” автожолының Новоишимское ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 120 шақырымнан астам бөлігіне, сондай-ақ Шал ақын ауданы бағытындағы 14 шақырымға орташа жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар “Рузаевка – Ақмола облысы” автожолына күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Жоба үш жылға есептелген. Мемлекеттік сараптама 1 шілдеде аяқталады, содан кейін жобаның түпкілікті құны бекітіледі. Мамандардың алдын ала мәліметінше, шамамен құны 30 млрд теңгені құрайды. Чистопольде сондай-ақ елді мекен ішіндегі жолдар мен жол жиектерін жөндеуге дайындық жүргізілуде: шамамен 4 км асфальттау және 7 км-дей қиыршық тас төсеу жоспарланған», – деп атап өтті облыс әкімі.

Абаттандыру және экология мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы ауылдық қоқыс полигонында жұмыстар жүргізілді. Биыл аумақты толық қоршау, бағандар мен қоршау орнату жоспарланған. Чистополь орта мектебінде күрделі жөндеу жасалды. 2026 жылы спорт залын жөндеу, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және арнайы автокөлік сатып алу көзделіп отыр. Тұрғындарға қолайлы болу үшін биылғы қаңтар айында округте банкомат орнату жоспарланған, бұл қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
Сондай-ақ әкім Тахтаброд ауылына барып, Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге уәде берді. Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдарды жаңғырту ісіне жергілікті бизнестің белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті.
«Ауылдағы өмір сапасын жақсарту жұмыстары жалғасын табады. Алдағы дамуға жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлердің белсенді қатысуы маңызды. Аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берілді. Бизнестің ауылдарды қайта жаңғырту мен дамытуға қатысуын қамтамасыз ету қажет», – деді өңір басшысы.
