«Келісім аумағы» челленджі Петропавл колледждерінің студенттерін біріктірді

Петропавлда қаладағы орта арнаулы білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Келісім аумағы» атты ауқымды акция-челлендж өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы ішкі саясат басқармасымен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткізілді.
Жобаның басты мақсаты — этносаралық саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ұлтаралық бірлікті нығайту. Кездесу барысында студенттерге қолданыстағы заңнама нормалары түсіндірілді. Қатысушылар этносаралық қатынастар, діни сауаттылық және қоғамдық келісімге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Акция ашық диалог форматында өтті. Этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері жастармен жұмысқа белсенді қатысты. Ұйымдастырушылар азаматтық жауапкершілікке, сыйластық мәдениетін қалыптастыруға және өзара көмек көрсету құндылықтарына ерекше назар аударды.
