Kozybayev University мен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы бірлескен ғылыми орталық құруға кірісті

Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жаңа технологиялық деңгейге көтерілуде. Президенттің АӨК-ті жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Kozybayev University мен Қытай Халық Республикасының Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы бірлескен ғылыми орталық құруды бастады. Жобаның құны 5 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр, деп хабарлайды QZ News.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Бейжіңде меморандуммен бекітілген ынтымақтастық белсенді кезеңге өтті: қытайлық делегация Петропавл қаласына жауапты сапармен келді. Серіктестіктің басты мақсаты – аграрлық секторды толық трансформациялау. Атап айтқанда, егіс алқаптарын бақылау үшін жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу, сондай-ақ дәнді және майлы дақылдардың жаңа сұрыптарын шығару көзделіп отыр.

«Біздің ортақ мақсатымыз – ғылым, өндіріс және инвестиция біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін тиімді модель қалыптастыру. Біз тұқым шаруашылығы алқаптарын 1 000 гектарға дейін ұлғайтуды және экспортқа бағытталған тұрақты платформа құруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Kozybayev University ректоры Ербол Исақаев.

Жобаны іске асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан 30 гектарлық тәжірибелік жер телімі бөлінді. Қытай тарапы техника жеткізуді, заманауи жатақханалар салуды және жаңа зертханалар ашуды өз міндетіне алады. Зерттеу жұмыстарына университеттің студенттері мен оқытушылары белсенді түрде тартылып, бұл Петропавлда халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
