М. Жұмабаев ауданында өртенген үйдің қирандылары астынан екінші баланың мәйіті табылды

Петропавл қаласында өткен СҚО ТЖД брифингінде М. Жұмабаев атындағы ауданның Майбалық ауылында өртенген үйдің қирандылары астынан болжам бойынша екінші баланың мәйіті табылғаны хабарланды. Еске салайық, жантүршігерлік өрт 11 қаңтар күні кешке болған, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, 11 қаңтар күні алғашқы бөлімшелер оқиға орнына келген сәтте үй толықтай отқа оранған. Аумағы 64 шаршы метр болатын тұрғын үй түгел жанып, шатыр опырылып құлаған.
Үйінділерді қопарып аршу барысында құтқарушылар 1988 жылы туған ер адамның және бір баланың мәйітін тапты. Екінші кәмелетке толмаған бала бүгін, 12 қаңтар күні сағат 11:52-де табылды. Балалардың туған жылдары — 2022 және 2024 жылдар. Мәйіттер еден опырылып кеткендіктен жертөле астынан табылған.
Құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 24 адам, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы жасағы тартылды. Түні бойы және таңертең ауыл тұрғындары өрт сөндірушілерге үйінділерді тазалауға көмектесті.
Ауылда жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаражат жинау жарияланғаны белгілі. Өрттің шығу себебін сарапшылар анықтауда.
