Өнеркәсіптегі көшбасшылық және 2026 жылға бағдар: СҚО әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өңір басшысының, қала мен аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының қатысуымен қорытынды жиын өтті. Отырыста облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қазіргі таңда СҚО ел көлемінде көшбасшы өңірлердің қатарында. Бұл туралы жиында айтылды. Өңір республика бойынша өнеркәсіп пен өңдеу секторында, сондай-ақ агроқұрылымдарда бірінші орында тұр. Сүт өндіру көлемі бойынша облыс екінші орынға шықты. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі мен ауыл шаруашылығының жалпы өнімі бойынша үшінші орынға ие болды.
Күн тәртібінде баға қалыптастыру мәселесі де қаралды. Облыс әкімі бағаны тұрақтандыру және ұстап тұру бағытындағы жұмысты, әсіресе бірінші кезектегі қажетті тауарлар бойынша күшейтуді тапсырды.

«Кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармалары аудан әкімдерімен және Петропавл қаласының әкімімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, әсіресе ет пен ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмысты күшейтсін», – деді СҚО әкімі.
Макроэкономикалық өсім көрсеткіші бойынша өңір елде 5-орынға тұрақтады. 2025 жылдың 11 айында қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсімі 14,1%-ды құрады.
Ең жоғары оң динамика құрылыс саласында – 31,4%, өнеркәсіпте – 20,8%, өңдеу өнеркәсібінде – 24,1% деңгейінде тіркелді. Бұл туралы экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант өз баяндамасында атап өтті. Айта кетейік, биыл облысқа 477,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Өңірдің цифрлық даму қорытындылары да әкімдікте қаралды. Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміровтың айтуынша, жасанды интеллект құралдары өмірдің барлық саласына енгізілген. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы және көлік салаларын қамтиды.

Жиында ауылдарды интернетке қосу мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар Петропавл қаласында 5G желісін енгізу жайы талқыланды.
«Қазіргі таңда ауылдардың 92,9%-ы әртүрлі технологиялар арқылы интернетке қосылған. Біздің мақсат – 2028 жылдың желтоқсанына дейін бұл көрсеткішті 98%-ға жеткізу. Ол үшін ауылдарды талшықты-оптикалық байланыс желілері және спутниктік арналар (OneWeb, KazSat) арқылы қосу жұмыстары жалғасады», – деді Азамат Байтеміров.
Қорытынды жиында СҚО-ның экономика және цифрлық технологиялар салаларындағы даму нәтижелері талданып, 2026 жылға арналған міндеттер айқындалды.
«Отырыс барысында облыс әкімі алдағы мереке күндері қарсаңында аудан және қала әкімдеріне, сондай-ақ барлық жауапты қызметтерге жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету, жолдарды жедел тазалау, шұғыл қызметтердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру және бірінші кезектегі қажетті тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырмалар берді», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
