Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Орақ науқаны, жолдар және мәдени мұра: Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданында болды

Орақ науқаны, жолдар және мәдени мұра: Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданында болды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барып, егін жинау науқанының аяқталу барысымен танысты, жол жөндеу жұмыстарын тексерді және ауданның бай мәдени мұрасын ескере отырып, өлкетану музейін ашу мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданындағы егін жинау науқанының аяқталуға жақындағанын атап өтті. Жалпы жиналатын алқаптың көлемі 312,5 мың гектарды құрайды, ал қазіргі уақытта орташа өнімділік гектарына 20,7 центнерге жетіп отыр.

«Ең алдымен, бұл – механизаторларымыздың, комбайншылар мен агрономдарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдап келеді, бірақ сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де өз ауылдарының өміріне белсенді атсалысып, халықты, инфрақұрылымды қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға күш салуы керек», – деді облыс әкімі.

Биыл ауданда барлық санаттағы автожолдарды жөндеуге бағытталған 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мамлютка – Қостанай бағытындағы ұзындығы 63 шақырым болатын республикалық жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жол төсемінің сапасын сақтау және көлік қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында әкім автоматтандырылған өлшеу-бақылау жүйесін орнатуды тапсырды. Өңір басшысы жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытуға ерекше назар аударды.

«Жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті кәсіпкерлердің өңірдің дамуына үлес қосып жатқаны қуантады. Мысалы, Жүсіповтар әулеті заманауи жол бойы сервис нысанын салып жатыр – бұл аудан игілігі үшін жұмыс істейтін отбасылық бизнестің жарқын үлгісі», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Әкім биыл Жамбыл ауданында жүзеге асқан бірқатар маңызды жобаларды да атап өтті: Пресновтағы халықты әлеуметтік қамту орталығы жөнделді, Қожаберген жырау атындағы орта мектепке, мәдениет үйіне және өнер мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді, жазда футбол алаңы ретінде пайдаланылатын мұз айдыны салынды, орталық алаң жаңартылды.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту аясында ауданда жаңа дүкендер, супермаркеттер мен қонақ үйлер ашылып жатыр. Бұл тек тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашуға мүмкіндік беруде.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданда 1 гектар аумаққа 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Сапар соңында облыс әкімі ауданның мәдени маңызына тоқталды.

«Жамбыл ауданы – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті тұлғалары Қожаберген жырау, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов және Иван Шуховтың туған жері. Ауданның мәдени маңыздылығын ескере отырып, өлкетану музейін ашу мәселесін қарастыруды тапсырдым», – деп қорытындылады өңір басшысы.

Shares