Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесінде СҚО кәсіпкерлері ерекше жергілікті өнімдерін таныстырды

Петропавлда өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесінде СҚО кәсіпкерлері ерекше жергілікті өнімдерін таныстырды

May 18, 2026 17:33

Петропавл қаласындағы «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жыл сайынғы көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Көрмеге Солтүстік Қазақстан облысының түрлі аудандарынан келген кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдері мен авторлық бұйымдарын ұсынды. Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Биыл байқауға 63 өтінім түскенімен, оның ішінде 43 тауар өндіруші ғана көрмеге қатысуға мүмкіндік алды. Келушілерге жергілікті шикізаттан жасалған ет және сүт өнімдері, ұлттық киімдер, кәдесыйлар, қолөнершілердің бұйымдары және басқа да тауарлар таныстырылды.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақовтың айтуынша, жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асырылып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған.

«Жобаның басты ерекшелігі — жергілікті шикізатты пайдалану. Бұл ауыл тұрғындарына өз өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», — деді ол.

Марат Ысқақовтың сөзінше, СҚО-дағы көрме биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоба жапониялық JICA ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылады және ерекше өңірлік өнім шығаратын бастамашыл кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.

Көрме қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар байқаудың екінші кезеңіне өткен 20 қатысушыны іріктеп алды. Алдағы уақытта финалистер өз жобаларын өңірлік бренд-комитет алдында қорғайды. Жеңімпаздар өз кәсібін дамыту үшін көлемі бес миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады.

Shares