Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда жол өткелін салу кезінде 2 миллиард теңгеден астам қаржы жымқыру фактісін Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеп жатыр

Петропавлда жол өткелін салу кезінде 2 миллиард теңгеден астам қаржы жымқыру фактісін Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеп жатыр

April 21, 2026 10:15

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Әңгіме Петропавл қаласында автожол өткелін салуға бөлінген қаржы туралы болып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың тамыз айында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында 5,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда мердігер ұйым жұмыс кестесінен жүйелі түрде қалып отырған.

«Тергеу нұсқасы бойынша, мердігер ұйымның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, іс жүзінде орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер енгізілген актілерді рәсімдеуді және қол қоюды ұйымдастырған. Аталған құжаттардың негізінде мердігер ұйымның шотына бюджеттен негізсіз қаражат аударылған», – делінген ҚР ҚМА хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

«Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 бірлік автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.

Shares