Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Психолог Ирина Якимованың скулшутингтің жасырын триггерлері туралы пікірі

Психолог Ирина Якимованың скулшутингтің жасырын триггерлері туралы пікірі

February 10, 2026 15:00

Білім беру мекемелеріндегі жаппай шабуылдар бүгінгі күннің ең ауыр тақырыптарының біріне айналды. Әлемдік жаңалықтар таспасы мектептер мен жоғары оқу орындарында болған қайғылы оқиғалар туралы жиі хабарлап, қоғамды күрделі сұрақтарға жауап іздеуге мәжбүрлеуде. Бақытымызға орай, Қазақстанда мұндай ауқымды оқиғалар орын алған жоқ, дегенмен елімізде қауіпсіздікке деген сұраныс өте жоғары күйінде қалып отыр. Тыныш көрінетін жасөспірімнен әлеуетті қатерді байқауға бола ма және қазіргі психологиялық тестілеу жүйелері қаншалықты тиімді? Агрессия психологиясын түсіну үшін QZ News тілшісі психолог Ирина Якимовамен сұхбаттасты.

«Скулшутинг» ұғымы немесе оқу орнында қарулы шабуыл жасау 1999 жылы АҚШ-тың Колорадо штатындағы мектепте болған оқиғадан кейін пайда болды. Бұл оқиға «Колумбайн» деген атпен кеңінен танымал. Эрик Харрис пен Дилан Клиболд 13 адамды атып өлтіріп, тағы 37 адамды жаралады. Олар мектепке помпалы мылтық, өздігінен оқталатын карабин, тапанша, қос ұңғылы мылтықтың кесіндісі және ондаған жарылғыш құрылғымен басып кірген. Кейін жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсады.

Біз ең кең танылған оқиғаларға тоқталсақ:
Керчь – 2018 жыл, 17 қазан.
18 жастағы Керчь политехникалық колледжінің студенті оқу орнына мылтықпен кіріп, 20 адамды атып өлтірді. Бұдан бөлек, асханада жарылғыш құрылғы орнатқан. Сол кезде 60-тан астам адам жарақат алды. Владислав Росляков өзіне оқ атып, өз-өзіне қол жұмсады.

Қазан – 2021 жыл, 11 мамыр.
Бұрынғы оқушы Қазан қаласындағы №175 гимназияда оқ жаудырды. Ильназ Галявиев тоғыз адамды атып өлтіріп, тағы 23 адам жарақат алды. 2023 жылы ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Кейін осыған ұқсас оқиғалар Пермь мен Ижевск қалаларында да болды. Қылмыскерлер қаруды алдын ала лицензия алып, заңды түрде сатып алған.Біздің тілшіге берген сұхбатында Ирина Якимова агрессорды алдын ала тануға бола ма және қолданыстағы психологиялық тестілердегі қандай «олқылықтар» жасырын патологияны жүз пайыз дәл анықтауға мүмкіндік бермейтінін түсіндірді.

– Қазіргі уақытта когнитивтік ерекшеліктерді, стресс пен қақтығысқа реакцияларды бағалайтын тестілер кешені енгізілген. Тестілерден бөлек, біз психологтар ретінде бақылау жүргіземіз: адамның қалай отырғанын, сұрақтарға қалай жауап беретінін байқаймыз. Әрине, егер бізді бірдеңе алаңдатса, бұл туралы міндетті түрде дәрігерлерге хабарлаймыз.

Мектептегі атушыларды біріктіретін ортақ белгілер бар ма?

– Егер мұндай адамдардың типтік сипаттамалық портреті туралы айтсақ, ол жоқ. Бұл – шеттетілген бала болуы мүмкін. Сондай-ақ фрустрацияны, яғни қанағаттанбаушылықты бастан кешіріп жүрген жасөспірімдер болуы ықтимал, соның салдарынан агрессия жиналады.

Ал ақпарат ағынының әсері туралы не айтуға болады?

-Иә, бұған әлеуметтік желілер де қосылады. Әсіресе мұндай жағдайлар кеңінен сипатталып, «Колумбайн» секілді көрнекі мысалдар көрсетілген кезде. Мұндай жасөспірімдерде зорлық-зомбылық көріністеріне деген қызығушылық артуы мүмкін.

Дұрыс таңдалмаған «кумирлер», психикалық ауытқулар немесе қатарластар тарапынан болған буллингке жауап – көптеген қылмыстардың себептері әлі күнге дейін толық ашылмаған.

-Мұндай адамды дер кезінде тоқтатуға тырысу үшін нені ескеру керек?

– Бұл агрессия нақты бір адамдарға емес, қорлау, баланы шеттетуге бағытталған жүйеге байланысты. Жасөспірімдерді бақылау өте маңызды. Бұл – ауру емес және импульсивті процесс те емес. Бұл – нақты дайындық үдерісі. Мұнда психологтар, педагогтар мен ата-аналардың командалық жұмысы қажет. Мұны мұғалімдердің ескертулеріне, нашар бағаларға деген реакциялардан-ақ байқауға болады.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы ақпанда Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы №4 мектепке пышақ пен балтамен келген. Ол үш оқушыны жарақаттады. Ашық деректерге сәйкес, жасөспірім психиатриялық есепте тұрған.

2026 жылғы 5 ақпанда Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы мектеп ішінде балтамен жүгірген. Екі жасөспірім зардап шекті. Оқиға 15 жастағы баланың қатарластарымен болған жанжалынан кейін орын алған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Shares