Сергеевка жастарына заң талаптары түсіндірілді

Шал ақын ауданының Сергеевка ауылындағы екі мектепте профилактикалық кездесулер өтті. Оқушыларға заң талаптары түсіндіріліп, өз әрекеттері үшін жауапкершілік бар екені ескертілді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Ашық диалогтың бастамашылары – аудандық Жастар ресурстық орталығы, прокуратура және полиция өкілдері.
К. Салықов атындағы №1 мектеп пен Е. Бөкетов атындағы №2 мектептің 50-ден астам оқушысына зиянды әдеттердің салдары мен саламатты өмір салты туралы айтылды. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған жағдайда туындайтын жауапкершілік мәселелері талқыланды.
«Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндіріп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады және жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Ашық диалог форматы қатысушыларға өз пікірін еркін білдіруге, сұрақ қойып, мамандардан нақты түсініктеме алуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ Сергеевканың қоғамдық орындарында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық брошюралар таратылды. Жадынамалар «Семейный» супермаркетіне келушілерге үлестірілді.
