СКО-да 2025 жылға арналған табиғи монополияларды реттеу қорытындылары шығарылды

СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Сейдахметов 2025 жылдың қорытындысын шығарып, тарифтік саясаттың негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Спикердің айтуынша, өңірде мемлекеттік реттеуде 70 түрлі қызмет көрсететін 51 табиғи монополия субъектісі бар. Олардың ішінде ең үлкен үлес сумен жабдықтау және су бұру саласына тиесілі — 37 қызмет, одан кейін жылумен жабдықтау — 20 қызмет, кірме жолдар — 11 және электр энергетикасы — 2 қызмет. Сонымен қатар, 46 ұйым шағын қуатты субъектілер қатарына жатады.
Ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарға ерекше назар аударылады. Төрт субъект инфрақұрылымды жаңғыртуға, реконструкциялауға және негізгі құралдарды жаңартуға бағытталған бес жылдық тарифтік бағдарламаларды іске асыруда.
Жыл ішінде департаментке тарифтерді бекіту және түзету бойынша 105 өтінім түскен, оның 64-і мақұлданып, 41-і кері қайтарылған. Тарифтерді қайта қараудың негізгі себептері ретінде инфляциялық үдерістер, көмір, мазут, жанар-жағармай материалдары мен өзге ресурстар құнының өсуі, тозған желілерге инвестиция қажеттілігі, сондай-ақ еңбекақы шығындарының және энергия ресурстарын сатып алу бағасының артуы аталды.
«Әрбір тариф өзгерісі негізделген әрі ашық болуы тиіс. Біз тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауды басшылыққа аламыз», — деп атап өтті Алмат Сейдахметов.
Тариф қалыптастыру мәселелері ашық форматта қаралды. Есепті кезеңде 39 қоғамдық тыңдау және өңірлік комиссияның 15 отырысы өткізілді. Онда субъектілердің тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты 29 өтінімі талқыланды. Талқылауларға депутаттар, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар мен тұтынушылар қатысты. Жылу энергиясы үшін қайта есептеу мәселесі де қозғалды. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға 74 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Бақылау-дау жұмыстары аясында департамент 10 сот ісіне қатысып, олардың басым бөлігінде өз ұстанымын қорғап шықты. Сонымен қатар, 2025 жылы табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 14 әкімшілік іс қозғалды.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 52,9 миллион теңгеден асты, оның шамамен 20 миллионы өндіріліп, қалғаны мәжбүрлі орындату сатысында. Азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау жұмысы да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл ішінде департаментке 190 өтініш түскен, оның ішінде 28-і қайталама. Негізгі бөлігін арыздар мен сұраулар құрайды. Сондай-ақ департамент мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсетеді. Есепті кезеңде 28 өтініш қаралып, оның 23-і бойынша қызмет көрсетіліп, 5 өтінішке негізделген бас тарту берілген.
Брифинг барысында 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру жоспарланбағаны атап өтілді. Алдағы уақытта өзгерістер кезең-кезеңімен және ұстамды түрде енгізілмек.
«Мемлекеттің ұстанымы өзгермейді: тариф құрамындағы әрбір теңге қызмет сапасын арттыруға жұмсалып, тұтынушыларға түсінікті болуы тиіс», — деді Алмат Сейдахметов.
Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұрғын үй көмегі механизмі арқылы қорғалатыны айтылды. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасы табысының белгіленген үлесінен асып кетсе, айырмашылық мемлекет тарапынан өтеледі.
Қорытындылай келе, спикер негізгі міндет — табиғи монополия субъектілерінің қызметіне қатаң бақылау жүргізе отырып, өмірлік маңызы бар коммуналдық қызметтердің сенімді әрі үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
