Солтүстік Қазақстан облысында өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу үшін жару жұмыстары басталды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындықтың белсенді кезеңі басталды. Өңірдегі су айдындарында судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жару жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты — мұз жамылғысын әлсірету және бұзу, мұз кептелістерінің пайда болуының алдын алу, мұз жүруінің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету және көктемгі су тасқыны кезінде өзен арналарының су өткізу қабілетін арттыру. Бұл елді мекендерді, инфрақұрылым нысандарын және ауыл шаруашылығы алқаптарын су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді», — делінген Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Жару жұмыстары Қызылжар ауданында жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін 5 учаскеде жұмыстар атқарылып, жалпы аумағы 2 600 шаршы метр болатын жерде мұз жарылып, ұсақталды.
