Солтүстік Қазақстан облысында құны 53 млрд теңге болатын май экстракциялау зауыты салынады

Өткен жылдың қараша айында облыс делегациясының Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған болатын. Солардың бірі — Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда құрамажем зауытын іске асырып жатқан «Kazmeel» ЖШС-мен одан әрі ынтымақтастық жөніндегі келісім, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғауез Нұрмұхамбетов «Kazmeel» ЖШС құрылтайшысымен және «XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD» корпорациясының бас директоры Гэ Кайхуа мырзамен кездесті.
Қол жеткізілген келісімдер аясында компания Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда заманауи май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны — 53 млрд теңге. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 1400 тонна өнімді құрайды және 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруды 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания бес жыл бойы жыл сайын 25 солтүстікқазақстандықты ҚХР Халықаралық техникалық институтында оқытуды жоспарлап отыр. Бұл өңір үшін білікті техникалық кадрлар даярлауға үлес қоспақ.
