Солтүстік Қазақстан облысының ардагерлер қозғалысының белсенділеріне құрмет көрсетілді

Петропавл қаласында С. Мұқанов атындағы сазды-драма театрында Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің ІХ есептік-сайлау конференциясы өтті. Жиынға ардагерлер ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Ардагерлер орталық кеңесінің төрағасы Бақытқожа Ізмұхамбетов, оның орынбасары Абай Тасболатов, сондай-ақ облыс аудандарынан келген делегаттар қатысты.
Пленарлық отырыс басталар алдында театр фойесінде Петропавл қаласы мен облыс аудандарындағы ардагерлер ұйымдарының қызметіне арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда ардагерлер қозғалысының негізгі бағыттары, әлеуметтік жобалары мен жетістіктері көрсетілді. Онымен облыс әкімі мен қонақтар танысты.
Конференцияны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ашты. Ол есептік баяндамасында 2021–2025 жылдар аралығындағы жұмыстың қорытындысын шығарып, пандемиядан кейінгі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, ардагерлер ұйымдары тұрақтылықты сақтап, қоғамдық қызметті белсенді түрде жалғастырғанын атап өтті.

Жергілікті деңгейдегі жұмыс туралы Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сайран Байдалина, Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі ардагерлер ұйымының өкілі Анна Кейм, Мағжан Жұмабаев ауданы Аққайың ауылдық округінің бастауыш ұйымының төрайымы Любовь Данилова және Тайынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Рафальский баяндама жасады.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Бақытқожа Ізмұхамбетов пен Ғауез Нұрмұхамбетовтың баяндамалары тудырды. Онда қазіргі кезеңдегі ардагерлер ұйымдарының негізгі міндеттері айқындалды. Атап айтқанда, аға буынның қоғам өміріндегі рөлін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдауды дамыту мәселелері көтерілді.
Талқылау қорытындысы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. Ардагерлер бірлестігінің саны 104,6 мың адамнан асқаны, сондай-ақ бастауыш ұйымдардың тұрақты құрылымы сақталғаны атап өтілді. Сонымен қатар, зейнеткерлерді ардагерлер қозғалысына кеңінен тарту және оларды әлеуметтік қолдау жағдайларын одан әрі жақсарту қажеттілігі айтылды.
Делегаттар республикалық ардагерлер ұйымының XI съезіне өкілдер сайлап, 2030 жылға дейінгі жұмыстың басым бағыттарын айқындайтын қаулы қабылдады. Олардың қатарында ұйымдық құрылымды жетілдіру, ақпараттық-насихат жұмыстарын дамыту, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға қатысу, сондай-ақ маңызды мерейтойлық даталарға дайындық бар.
Конференция соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ардагерлер ұйымдарының өңірдің қоғамдық өміріндегі маңызын атап өтіп, олардың жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтарды сақтаудағы үлесіне ерекше тоқталды.
Салтанатты сәттердің бірі – ардагерлер қозғалысының белсенділерін марапаттау болды.
«Құрмет белгісі» төсбелгісі Валентина Яковлеваға табысталды. Алғыс хаттар Людмила Гришаеваға, Оралбай Сағындықовқа және Юрий Красноголовыйға берілді.
Сонымен қатар, Бақытқожа Ізмұхамбетов облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовқа Ардагерлер орталық кеңесінің Алғыс хатын табыстап, ардагерлер ұйымдарын қолдағаны және аға буын мәселелеріне көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдірді.
