Солтүстікқазақстандық сегіз азамат жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында және Жұмысшы мамандықтары жылының аяқталуына орай облыс әкімдігінде еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Мемлекеттік наградалар техникалық мамандық иелеріне табысталды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Облыс әкімдігінде Солтүстік Қазақстан облысының экономикасы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер атап өтілді.

«Мемлекет басшысы әрбір маңызды сөзінде қоғамда еңбек культін қалыптастыру, кәсібилікке, адал әрі жауапты жұмысқа құрметпен қарау қажеттігін үнемі айтып келеді. Бүгін біз жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдерін ерекше мақтанышпен марапаттап отырмыз», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен солтүстікқазақстандық сегіз азамат «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен марапатталғандар:
Александр Бочаров — сумен жабдықтау саласының еңбек ардагері, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан;
Қанат Мұқанов — «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС-нің дробеструй камерасының операторы.
«Ерен еңбегі үшін» медалін алғандар:
Елена Иващенко — «Коммунхоз Петропавл» ЖШС абаттандыру бөлімінің басшысы;
Рафиль Нигматулин — Қызылжар ауданының электр желілері Красногоров учаскесінің шебері;
Серік Құлатаев — «Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі» КМҚК арнайы пәндер оқытушысы;
Тұрсынбек Шайсұлтанов — «Есіл Су» ЖШС филиалының бас механигі («ҚазСуШар» РМК);
Талғат Қарабаев — Мағжан Жұмабаев ауданының білім бөлімі КММ қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі бас маманы;
Гүлмира Жансейітова — Петропавл қаласының білім бөлімі КММ әдіскер-қорғаншысы.
Тұрсынбек Шайсұлтанов «Есіл Су» кәсіпорнында бас механик болып еңбек етеді. Бұған дейін жөндеу-пайдалану және өндірістік учаскелерді басқарған. Қазіргі уақытта апатты учаскелерде су құбырларын күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және ауыстыру жұмыстарын үйлестіреді.

Кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының аудандарын және Қостанай облысының екі ауданын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы — 3 мың шақырым.
Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамдарына нақты әсер етті ме деген сұраққа Тұрсынбек Шайсұлтанов оң жауап берді.

«Бұл жыл ерекше болды. Біздің қызметкерлер Су ресурстары және ирригация министрінің қолынан жоғары марапаттар алды. Арнайы техника жаңартылып, ауыз судың сапасын жақсарту үшін 36 жаңа техника бірлігі алынды. Басшылық тарапынан берілген жоғары бағаға ризашылығымды білдіремін», — деді Тұрсынбек Шайсұлтанов.
