СҚО әкімі Челябі қаласындағы жетекші машина жасау және кондитерлік кәсіпорындардың тәжірибесімен танысты

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған ресми делегация Челябі облысына жұмыс сапарымен барды. Оңтүстік Орал астанасы – өңіріміз үшін стратегиялық әріптес саналады. Екі өңір арасында сауда-экономикалық және өндірістік байланыстар берік жолға қойылған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сапардың алғашқы күні солтүстікқазақстандық делегация Ресейдің жетекші кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Олардың қатарында «УралКран» машина жасау компаниясы және нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер шығаратын ірі «Хлебпром» кәсіпорны бар.
Қазіргі таңда «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 субаймағында осыған ұқсас инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «KazCraneEngineering» ЖШС-нің жүк көтеру және тасымалдау жабдықтарын шығаратын кәсіпорны мен «БЕЙКЕРТОН» ЖШС-нің донат өндіру зауыты іске асырылып жатыр. Жаңа зауыттарды толық іске қосу биылға жоспарланған.
«Бұл жобаларды жүзеге асыру облыс экономикасын дамыту үшін аса маңызды. Олар жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, заманауи өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, озық технологияларды енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
