Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО әкімі «Qyzyljar» АЭА-дағы жаңа зауыттар құрылысы мен инфрақұрылымның дамуын тексерді

СҚО әкімі «Qyzyljar» АЭА-дағы жаңа зауыттар құрылысы мен инфрақұрылымның дамуын тексерді

April 20, 2026 10:29

Солтүстік Қазақстан облысында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қарқынды дамуы жалғасуда. Мұнда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндірістер кезең-кезеңімен іске қосылуда. Өңірдегі негізгі өндірістік алаңдардың бірі саналатын №3 субаймақтағы жұмыс барысын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тексерді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Айта кетейік, дәл осы аумақ бүгінгі таңда қолайлы жағдайлар мен инфрақұрылымның жүйелі дамуының арқасында инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналып отыр.

Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселесі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта алаң қажетті желілермен жабдықталған, сондай-ақ автожолдар құрылысы жалғасуда.

Бұл кәсіпорындарды уақтылы іске қосуға негіз қалыптастырады.
Құрылысы аяқталу сатысында тұрған «ECO GLADE» компост зауытын отандық «Радуга» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын толық автоматтандырылған режимде жұмыс істейді.

Алдағы айларда тағы бірнеше өндірісті іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, шілде айында «Бейкертон» ЖШС жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіретін донаттар өндірісін бастауды көздейді. Қазан айында «Есіл» агрофирмасы жоңышқа сабанынан пеллет өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
Бірқатар жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Мәселен, Қытай Халық Республикасының «QILU Agro» компаниясы тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді дамытып келеді. Бірінші өндірістік корпус салынып бітті, мамыр айында екінші корпустың құрылысы басталады. Кәсіпорында қуаты 100-ден 500 ат күшіне дейінгі «QILU» маркасымен алғашқы он трактор құрастырылып үлгерді.

«Техноэкопарк» жобасы аясында «Гофропак» ЖШС жылына 16 мың тоннаға дейін қағаз өнімдерін шығаратын фабрика құрылысын жүргізуде. «KazHemp» ЖШС жылына 1 мың тонна ағаш массасы мен целлюлоза өндіру жобасын іске асыруда, кәсіпорынды іске қосу маусым айына жоспарланған. Тағы бір өндірістік жоба — жүк көтергіш-тасымалдау жабдықтарын шығару — Ресейдің Челябинск қаласынан

«KazCraneEngineering» компаниясы жүзеге асыруда. Жылына 100 бірлікке дейін өнім шығару жоспарланып отыр, нысанды пайдалануға беру қыркүйек айына көзделген.
Қазіргі уақытта «Qyzyljar» АЭА аумағында 21 қатысушы тіркелген. Оның ішінде алты жоба іске қосылған. Жалпы аймақта 368,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен төрт мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Shares