СҚО ауылдарынан 300-ден астам үздік оқушы IQanat олимпиадасында зияткерлік көшбасшы атағы үшін бақ сынады

Петропавлда білім беру бағытындағы IQanat олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан 300-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Зияткерлік сайысқа іріктеу кезеңінен өткен үздік оқушылар қатысты. Сынақ бірнеше бағытты қамтыды: қатысушылар логикалық ойлау деңгейін, математикалық және тілдік сауаттылығын, ағылшын тілін меңгеруін, сондай-ақ таңдаған бейіндік пәні бойынша білімін көрсетті. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл оқушыларына қосымша мүмкіндіктер жасап, олардың дамуына қолдау көрсету.
Қызылжар ауданынан қатысқан Марк Приймак география пәнін таңдаған. Оның айтуынша, дайындыққа көп уақыт бөлген. Тапсырмалар тек білімді ғана емес, логикалық ойлау қабілетін де талап еткенін атап өтті. Ол өз күшіне сеніп, келесі кезеңге өтуді көздейді.
«IQanat» қорының академиялық директоры Зухра Шугенованың айтуынша, олимпиада үш кезеңнен тұрады. Жыл сайын аудандық деңгейде ондаған мың оқушы қатысады. Екінші кезеңге ел бойынша шамамен 10 мың оқушы өтсе, ақтық сынға мыңға жуық үздік қатысушы шығады.

Қорытынды кезең дәстүрлі түрде Астана немесе Алматы қалаларында өткізіледі. Іріктеу нәтижесінде ақтық сынға қатысушылардың бір бөлігі Бурабайдағы мектепте білім алу үшін грантқа ие болады, ал қалғандары арнайы дайындық бағдарламасына қатысуын жалғастырады. Мамлют ауданынан келген оқушы Леся Базаркина да өз әсерімен бөлісті. Ол математика пәнін таңдап, мұндай деңгейдегі олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Оның айтуынша, алдыңғы кезеңнің тапсырмалары қолжетімді болған, сондықтан бұл жолы да сәтті нәтиже көрсетемін деп үміттенеді.
Болашақта ол бастауыш сынып мұғалімі немесе орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы болуды жоспарлап отыр. Олимпиаданың республикалық кезеңі жаз мезгілінде Алматы қаласында өтеді. Жеңімпаздар еліміздің жетекші жекеменшік мектептерінің бірінде грант негізінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.
