СҚО-да әжесі мас күйде үш апталық немересін жылыту пешінде өртеп жіберген

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті музейінің мұрағатында талай сұмдық қылмыстық істер сақталған. Алайда Мамлют ауданының тұрғыны Р.-ның ісі олардың ішінде ерекше орын алады. 2017 жылдың қараша айында 62 жастағы әйел адам адамзат санасына сыймайтын қылмыс жасады. Алкогольдік масаң күйде ол қызы дүкенге кеткен сәтте үш апталық немересін жылыту пешінде тірідей өртеп жіберген, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мамлют ауданының Дубровное ауылының 62 жастағы тұрғыны жеке үйде қызымен, кәмелетке толмаған немересімен және жаңа туған немересімен бірге тұрған. Қарт әйел ішімдікке әуес болған және қызының айтуынша, алкоголь ішкеннен кейін өте ашушаң мінез көрсеткен.
Іс материалдарына сәйкес, 2017 жылдың 2 қарашасында нәрестенің дене қызуы көтеріліп, анасы екеуі ауруханаға түскен. Төрт күннен кейін әжесі оларды үйіне алып келген. 6 қараша күні кешке ол қызы мен немересінен дүкенге барып нан алып келуді сұраған, үйде жарты бөлке нан бола тұра, жаңа нан сатып алуды талап еткен. Үш апталық сәби сол кезде ас үйде тұрған балалар арбасында ұйықтап жатқан. Қызы үйден шыққан соң, Р. бір бөтелке шарап ішіп, содан кейін ерекше қатыгездікпен кісі өлтіруге бағытталған тікелей қылмыстық ниетке барған. Ол немересін қолына алып, от жағатын бөлмеге беттеген.
«Темір көсеумен пештің үстіндегі қақпақты ашып, баланы пештің ішіне тыққан. Қыз бірден қатты айқайлаған, алайда әжесі есікті мықтап жауып, бөлмеге барып диванға отырған. Сол сәтте қызы немересімен бірге қайтып келіп, анасының диванда отырып бос арбаны тербетіп отырғанын көрген. Баланың қайда екенін сұрағанда, ол бөлмеде, төсекте жатыр деп жауап берген, бірақ ол жерде бала болмаған. Қорыққан ана сыртқа жүгіріп шыққан», — деп еске алады СҚО ПД музейінің бұрынғы меңгерушісі Любовь Осинская.
Кейін қайта оралғанда, ол от жағатын бөлмеден күйік иісін сезген. Есігі мықтап жабық тұрған кочегаркаға кірген кезде пештің шойын қақпағы ашық тұрғанын, ал ішінен баланың қолы шығып тұрғанын көреді. Анасы жалаң қолымен пештің ішіне кіріп, күйіп, көмірленіп кеткен қызын алып шыққан. Сәби өмір белгілерінсіз болған.
Көршілердің айтуынша, Р. соңғы уақытта ішімдікті шамадан тыс пайдаланған, әсіресе соңғы бір айда мүлде тоқтаусыз ішкен.
«Бір бөтелке ішкеннен кейін ол баланың ас үйдегі арбада жатқанын ғана есінде сақтаған. Неліктен баланы қолына алғанын түсіндіре алмаған, өзін біртүрлі есеңгіреу жағдайында болғанын айтқан. Қалай кочегаркаға барғанын да есіне түсіре алмаған. Пеш жанып тұрған, ол сәбиді пешке саңылау арқылы салған. Сол сәтте бала айқайлады ма, жоқ па — ол да есінде жоқ. Тек дәрігерлер мен учаскелік полиция қызметкері келгенде, қызының жан даусын естіген кезде ғана есін жиып, не істеп қойғанын түсінген. Алайда Р.-ның қорғансыз, дәрменсіз сәбиге жасаған бұл жауыздығы ешкімнің де жанашырлығын тудырған жоқ», — деді Любовь Осинская.
Сот-психиатриялық сараптама оны толықтай есі дұрыс деп таныды. Қылмыстың негізгі себептері ретінде қызына деген жеке өшпенділік пен ұзақ жылдарға созылған алкоголизм көрсетілді, ол барлық моральдық шектеулерді жойған. 2017 жылдың желтоқсан айында Солтүстік Қазақстан облыстық соты әйелді 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Бұл трагедия өңірдің қылмыстық хроникасындағы ең қаралы беттердің біріне айналды. Полиция департаментінің музейінде ол «Дау-дамай тудырған қылмыстар» экспозициясына енгізілген. Араға жылдар салса да, бұл іс сол сұмдық шақыртуға барған жандардың жадында жазылмас жара болып қала берді.
