СҚО-да аграрлық секторды цифрландыру бағытын дамыту жолдары қарастырылып жатыр
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен өткен кездесу барысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті сын-қатерлер мен оларды цифрлық трансформация арқылы еңсеру» атты Жолдауындағы негізгі бағыттар талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Кездесуде елді цифрландыру үдерісінде ауылдық аймақтардың рөліне ерекше назар аударылды. Президент атап өткендей, инфрақұрылымды дамыту мен агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізу – тұрақты экономикалық өсудің және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі тетігі болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық өңір. Мұнда 590 ауылдық елді мекен бар, соның 300-ден астамы әлеуеті жоғары деп танылған. Бұл ауылдарда 210 мыңнан астам адам тұрады, яғни бұл облыстың ауыл халқының 82 пайызын құрайды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде: жаңа тұрғын үйлер салынып, мектептер, медициналық нысандар мен спорттық кешендер ашылуда. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде заманауи технологиялар белсенді енгізілуде – бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, ауылдарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуде.