Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да құрғақ шөптің жану жағдайлары күрт көбейді

СҚО-да құрғақ шөптің жану жағдайлары күрт көбейді

April 3, 2026 18:52

6 сәуірден бастап Солтүстік Қазақстан облысында ресми түрде өрт қауіпті кезең басталады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өрттің алдын алу және дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Аян Құсайынов пен СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Василий Лабанчук биыл қар жамылғысының ерте еріп, күннің жылдам жылынуы байқалғанын айтты. Бұл өз кезегінде құрғақ өсімдіктердің жану жағдайларының артуына әкеліп отыр. Мәселен, 28 наурыздан бері облыс аумағында осындай 13 жағдай тіркелген.

Өрттердің негізгі себебі бұрынғыдай — тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы.

Брифинг барысында жағдайды бақылау үшін 50-ден астам жедел мобильді топ құрылғаны айтылды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар рейдтер жүргізіп, дрондарды да қолданатын болады.

Сондай-ақ өңір ормандарын өрттен қорғау мәселесі қаралды. Облыстағы орман иелері 21 өрт сөндіру автокөлігімен, 13 орман өрт станциясымен, 129 трактормен және 27 шағын орман өрт сөндіру кешенімен қамтамасыз етілген.

«Қазіргі таңда 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Өрт қауіпті кезең басталғаннан кейін “Лесохранитель” ерте анықтау жүйесінің тағы 7 кешені қосылады. Сонымен қатар, орман қорының жағдайын бақылау және құқық бұзушыларды анықтау үшін 33 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады», — деді Василий Лабанчук.

Материалдық-техникалық база да нығайтылуда. Атап айтқанда, 2025 жылы 19 ұшқышсыз ұшу аппараты, 180 ауа үрлегіш құрылғы және 60 мотоцикл сатып алынды. Булаево қаласында заманауи орман өрт станциясының құрылысы аяқталды. Лизинг арқылы 107 бірлік өрт сөндіру техникасы, 27 шағын орман өрт сөндіру кешені және 51 трактор алынған.

Сондай-ақ минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары жалғасады. 2026 жылы олардың жалпы ұзындығы 26 мың шақырымды құрайды.

Брифинг барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі тағы да еске салынды. Ашық отты пайдалануға, ағаштардың астында және орман алаңдарында шөп өртеуге болмайды. Қылқан жапырақты жас ормандарда, кесілген ағаш орындарында, құрғақ шөп бар жерлерде және ағаштардың қасында от жағуға тыйым салынады.

Shares