Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да қызметтік іссапарларда қаза тапқан ҚАЖ офицерлерінің рухына тағзым етілді

СҚО-да қызметтік іссапарларда қаза тапқан ҚАЖ офицерлерінің рухына тағзым етілді

December 9, 2025 15:43

13 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері күні ресми түрде атап өтіледі. Бұл күн елдегі түзеу мекемелерінде тәртіп, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін қызметкерлердің маңызды рөлін айқындау мақсатында белгіленді. Кәсіби мереке қарсаңында СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде қызметтік борышын өз өмірінің құнымен өтеген тағы екі офицердің рухына тағзым етілді. Бұл қайғылы оқиғалар әртүрлі жылдары болған, деп хабарлайды QZ NEWS.

Бірінші қызметкер — Серкелбай Құдышұлы Ақпаев 1976 жылы Горный кентіндегі ИТК-27 мекемесінде лейтенант шенінде ҚАЖ жүйесіндегі қызметін бастап, тәрбие жұмысы жөніндегі бастықтың орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Қайғылы оқиға 1994 жылғы 9 тамызда орын алды.

Петропавл қаласынан қызметтік іссапардан қайтып келе жатқан кезде подполковник Ақпаев отырған қызметтік автокөлік «Покровка – Корнеевка» автожолында бөренелер тиелген тіркемемен соқтығысып, жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ол алған жарақаттарының салдарынан 1994 жылғы 11 тамызда көз жұмды. Артында жары мен үш баласы қалды. Әкесінің ізін жалғастырушы Гүлжан Ақпаева ішкі істер органдарында 25 жылдан астам қызмет етіп, бүгінде ҚАЖ ардагері атанған.

Екінші қызметкер — Жанкелді Қабдіғалымұлы Хасенов ҚАЖ жүйесіндегі қызметін 1999 жылы бастап, еңбек жолында екі мекемені басқарған. Оның соңғы қызметі — СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/8 мекемесінің бастығы.

2017 жылғы 11 шілдеде әділет подполковнигі Жанкелді Хасенов қызметтік міндетпен Айыртау аудандық ҰҚК департаментіне бара жатқан кезде Көкшетау – Рузаевка автожолында жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ол 2017 жылғы 12 шілдеде есін жимастан алған жарақаттарынан көз жұмды. Артында жұбайы мен екі баласы қалды, олардың бірі кәмелетке толмаған.

СҚО бойынша ҚАЖ департаментінде подполковниктер Серкелбай Ақпаев пен Жанкелді Хасеновтің есімі әрдайым ерлік пен қызметтік борышқа адалдықтың үлгісі ретінде есте сақталатыны атап өтілді.

Бұған дейін біз Серік Омаровтың қайғылы қазасы туралы әңгімелеген едік.

Shares