СҚО-да жылыту маусымы басталғалы өрт оқиғалары 39%-ға азайды
Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті СҚО РКҚ алаңында өткен брифингте профилактикалық жұмыстардың нәтижелері мен 2025–2026 жылғы жылыту маусымының алдын ала қорытындыларын баяндады, деп хабарлайды QZ NEWS.
ТЖД мәліметінше, 2025–2026 жылғы жылыту кезеңі басталғалы облыстың тұрғын үй секторында 13 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39%-ға төмен (2024 жылы – 21 өрт). Материалдық шығын 1 миллион теңгеден асты. Өкінішке қарай, төтенше жағдайлардың азаюына қарамастан, өрт салдарынан 2 адам көз жұмды.
Халықтың қауіпсіздігін арттыру және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында 2025 жылғы 15 тамыз бен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді.
Негізгі назар әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеуге аударылды. СҚО ТЖД деректері бойынша өңірде 5781 тұрғын үй есепте тұр, онда 24 512 адам, соның ішінде 13 154 бала тұрады. Әр мекенжай бойынша бақылау істері жүргізілуде.
«Өрт қауіпсіздігі айлығы басталғалы әлеуметтік осал топтардың үйлеріне 1015 көмірқышқыл газының датчигі орнатылды. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, жылыту пештерінің мұржаларын тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні 526 пеш тазартылды, оның ішінде 31 вакуумдық қондырғы қолданылды», – деді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.