СҚО полицейлері Булаево қаласының оқушыларын дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертті

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жастар арасында профилактикалық жұмыстарын жалғастырып, қаржылық алаяқтыққа байланысты заманауи қауіптер туралы түсіндіруде. Кезекті кездесу Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында өтті. Онда полицейлер орта мектептердің бірінде 9–10 сынып оқушыларына дәріс оқыды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараны Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Булаево станциясындағы әріптестерімен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің басты тақырыбы – дропперлік болды. Бұл – азаматтардың банктік карталарын, шоттарын немесе оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беру арқылы интернет-алаяқтық схемаларына қатысуы.
Полицейлер оқушыларға алаяқтардың қалай әрекет ететінін және неліктен көбіне жастар олардың құрбанына айналатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қылмыскерлер жасөспірімдер мен студенттерге интернет арқылы «жеңіл табыс» ұсынатыны жиі кездеседі. Олардан тек банктік карта ашып, шот деректерін беру немесе банк қосымшасындағы аккаунтқа қолжетімділік ұсыну талап етіледі.
Алайда мұндай әрекеттер адамды іс жүзінде қылмыстық схеманың қатысушысына айналдырады. Полицейлердің айтуынша, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында бекітілген.
Осы нормаға сәйкес, банктік шоттарға, төлем құжаттарына немесе төлем құралдарына қолжетімділікті заңсыз беру, тапсыру немесе сату ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай схемаларға қатысқаны үшін айыппұлдан бастап мүлкін тәркілей отырып жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полицейлер көптеген жастар мұндай әрекеттерді зиянсыз деп қате түсінетінін атап өтті. Олар жауапкершілік тек алаяқтық схемаларын ұйымдастырушыларға ғана жүктеледі деп ойлайды. Алайда іс жүзінде дропперлер қылмыстық тізбектің маңызды буынына айналады. Ұрланған қаражат олардың шоттары арқылы өтетіндіктен, олар да заңсыз әрекеттің толыққанды қатысушысы болып саналады.
Кездесу барысында оқушыларға дропперлік схемаларға тартудың ең кең таралған тәсілдері туралы да айтылды. Көбінесе мұндай ұсыныстар әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе «жылдам табыс» туралы жарнамалар арқылы таратылады. Жасөспірімдерге банктік карта рәсімдегені немесе реквизиттерін бергені үшін аздаған сыйақы уәде етіледі. Кейін бұл шоттар қылмыстық жолмен алынған қаражатты аудару үшін пайдаланылады.
Құқық қорғау органдары мұндай операциялар алаяқтарға қылмыстың ізін жасыруға көмектетінін түсіндірді. Азаматтардан ұрланған ақша бірнеше шот арқылы өткізіліп, олардың ізін анықтау қиындайды. Сондықтан дропперлікпен күрес киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың маңызды бағыттарының біріне айналды.
Дәріс барысында жеке қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Оқушыларға банктік карта мен шотқа қолжетімділік — жеке қаржылық ақпарат екенін, оны тіпті таныс адамдарға да, ал интернеттегі бейтаныс адамдарға мүлде беруге болмайтыны ескертілді.
