Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО полицейлері қатты аязда жүк көліктерінің жүргізушілеріне көмек көрсетті

СҚО полицейлері қатты аязда жүк көліктерінің жүргізушілеріне көмек көрсетті

January 15, 2026 17:14

Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында ауыр жүк көліктерінің бұзылу жағдайлары жиілей түсті. Өңір полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетуде, деп хабарлайды QZ NEWS.

Оқиға «Көкшетау – Омбы» автожолында орын алды. Чкалов ауылы маңында, жанармай құю бекетінің жанындағы учаскеде бидай тиелген тіркемесі бар «КамАЗ» көлігі тұрып қалды. Жүргізуші Шымкент қаласына бет алған, алайда техникалық ақауға байланысты жүк көлігінде тек бір ғана көпір жұмыс істеген. Жағдайды жолдағы көк тайғақ одан әрі қиындатып, көліктің қуаты мұз басқан учаскеден өтуге жеткіліксіз болды.

Көп тонналы көлікті құтқару үшін полицейлер арнайы операция ұйымдастырды. Жол пайдалану басқармасының (ДЭУ) қызметкерлері жолға себу үшін инертті материалды жедел жеткізді. Ал жергілікті шаруашылықтардың бірі жылы бокстан тиегіш техника бөлді. Бірлескен күш-жігердің арқасында жүк көлігі қайтадан жол бөлігіне шығарылып, жүргізуші сапарын жалғастыра алды.

Осыған ұқсас жағдай «Петропавл – Ишим» тасжолында да тіркелді. Соколовка ауылы маңында аяз салдарынан «DAF» маркалы ауыр жүк көлігі тоқтап қалды. Жүргізуші отын жүйесі мен көлік тораптарын жылытып жатқан уақытта, патрульдік полиция қызметкерлері жолдың аталған бөлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғалары мен кептелістердің алдын алды.

Shares