СҚО жастарына діни экстремизмнен қорғану жолдары түсіндірілді

Солтүстік Қазақстан облысында діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді ақпараттық-түсіндіру және ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс-шаралар ауқымды болды. Жоғары сынып оқушыларынан бастап студенттерге, ата-аналар қауымдастығына, ғалымдар мен дін өкілдеріне дейінгі түрлі топтарды қамтыды.
Профилактикалық жұмыстың негізгі бөлігі оқушы және студент жастарға бағытталды. СҚО Дін істері басқармасының Қоғамдық келісім және конфессияаралық қатынастарды дамыту орталығының мамандары бірқатар кездесулер өткізді:
- С. Шаймерденов атындағы классикалық мектеп-гимназиясында және №9 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте: жоғары сынып оқушыларына деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары және зайырлы мемлекет қағидаттары түсіндірілді.
- Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде: студенттермен зайырлы қоғам принциптері және жастарды деструктивті идеологияға әлеуметтік желілер арқылы тарту тәсілдері талқыланды.
- М. Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде: толеранттылық, келісім құндылықтары және Рухани келісім күні тарихына басымдық берілді.
Маңызды алаңдардың бірі – «Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісімдегі рөлі: тәжірибе және болашақ» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция болды. Оған ғалымдар, магистранттар, ҚХА мүшелері және мемлекеттік орган өкілдері қатысты. СҚО Дін істері басқармасының баяндамасы «Бейбітшілік пен болашақ жолындағы діндер диалогы» тақырыбына арналды.
Сонымен қатар, ата-аналар қауымдастығының аймақтық кеңесі өтті. Онда деструктивті ықпалдарға қарсы іс-қимыл, бала құқықтарын қорғау және отбасына қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына Білім басқармасы, Полиция департаменті және ТЖД өкілдері қатысты.

Кездесулердің қорытындысы ретінде облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Рухани дәстүрлер үндестігі» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге түрлі конфессия өкілдері, ҚХА мүшелері, ғалымдар және жастар жиналды.
Спикерлер Қазақстанды түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін бейбітшілік пен диалогтың бірегей мекені екенін атап өтті. Тарихты білу, төзімділік және мәдени құндылықтарға құрмет ел азаматтарының ішкі мәдениетін қалыптастырып, саналы ұстанымын арттыра түсетіні айтылды.
Ұйымдастырушылар мұндай ашық диалогтар құқықтық мәдениетті нығайтуға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және жастардың дін мәселелеріне қатысты ақпаратты саналы таңдауға үйренуіне ықпал ететінін атап өтті.
