Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Тамшылатып суару, гранттар және жаңа дәрігерлер: Бейбіт Исманов Қызылжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді

Тамшылатып суару, гранттар және жаңа дәрігерлер: Бейбіт Исманов Қызылжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді

November 26, 2025 12:17

Бескөлде «AMANAT» партиясының 10 айдағы Жол картасының орындалуына арналған кездесу өтті. Онда Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов әлеуметтік-экономикалық даму бойынша егжей-тегжейлі есеп ұсынды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Бейбіт Исмановтың айтуынша, ерекше назар жұмыспен қамту мәселелеріне аударылған: 10 айда 347 тұрғын жұмысқа орналастырылған, олардың 238-і – субсидияланатын жұмыс орындары.

«Барлығы 295 жұмыс орны құрылды, бұл жоспардың 115% орындалуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар шағын бизнесті дамыту үшін көкөніс өсіру, тұрмыстық қызмет көрсету, кондитерлік өнім өндірісі және тігін ісі бағыттарында 18 грант берілді. Жастар саясаты бойынша да айтарлықтай нәтижелер бар: «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жазда 89 жас жұмыс істеді – бұл жоспардан екі есеге жуық артық», – деді аудан әкімі.

Аграрлық секторда да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 131 дана техника сатып алды, ал 10 айдағы жалпы өнім көлемі 80 млрд теңгеден асты. Суармалы жер енгізу жоспары екі есеге артығымен орындалды – айналымға 904 га егістік қосылды. Бейбіт Исмановтың айтуынша, бұл алдағы маусымдарда ауданның азық-түлік тұрақтылығын арттыруға және ауа райына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Білім беру саласында мектептерді цифрландыруға басымдық берілді. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда ауданда 10 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Жалпы медициналық мекемелерді жабдықпен қамтамасыз ету деңгейі 108% құрайды, денсаулық сақтау жүйесіне 12 дәрігер мен 27 орта буын маманы келді.

Әкім инфрақұрылымды дамытуға да тоқталды. 16,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ауданда құны 976 млн теңгені құрайтын «Новоникольское – Андреевка – Новомихайловка – Боголюбово» автожолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бескөлде биыл 6 км жол жөнделді және қосымша 15 көшеге қиыршықтас төселді. Ірі нысандардың бірі – 10 елді мекенді қамтитын Соколов топтық су құбырын реконструкциялау. Жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

Shares