Тимирязев ауданының жас IT-дарыны Даниил Степаненко СҚО таланттарын мониторингтеуге арналған Qabilet платформасын әзірледі

Тимирязев ауданында «Наурызнама» апталығы аясында өңірдегі білім беру мен кәсіби бағдар беру тәсілдерін өзгертуге қабілетті ауқымды IT-жоба таныстырылды. С. Мұқанов атындағы ТЖОМ 11-сынып оқушысы және «Тимирязев» IT-орталығының резиденті Даниил Степаненко Qabilet Intelligence Capital платформасын ұсынды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Даниил Степаненко IT саласында танылып келе жатыр. Ол — Samsung Solve for Tomorrow 2025 халықаралық байқауының финалисі және «SABAQ» платформасының әзірлеушісі. Бұл жолы ол балалардың жетістіктері туралы деректердің шашыраңқылығы мәселесін шешуге бағытталған жоба әзірлеген.
«Qabilet Intelligence Capital жобасы — оқушылардың жетістіктерін біріктіруге, олардың цифрлық профилін қалыптастыруға және нақты нәтижелер негізінде қабілеттерін анықтауға бағытталған заманауи цифрлық платформа. Бұл жүйе білімді дәстүрлі бағалаудан әр оқушының мүмкіндіктерін терең талдауға көшуге мүмкіндік береді. Жобаның басты мақсаты — адами капиталды жүйелі дамытуға жағдай жасау», — деді Даниил.

Жобаның тең авторы Карина Бидалова бірге әзірлеуші жүйенің мүмкіндіктерін таныстырды.
«Әр пайдаланушы үшін жеке профиль құрылады. Онда олимпиадалар, байқаулар, жобалар мен басқа да белсенділіктерге қатысу сияқты барлық жетістіктер жинақталады. Бұл оқушының мықты тұстарын және даму бағыттарын бірден көруге мүмкіндік береді. Кейін жүйе осы деректерді талдап, келесі қадамдарды ұсынады: қандай байқауларға қатысуға болады, қандай білім беру бағдарламалары мен жобалар сәйкес келеді. Яғни, оқушы кездейсоқ әрекет етпей, өз бағытын нақты түсінеді. Сонымен қатар платформада барлық мүмкіндіктер — олимпиадалар, конкурстар, білім беру жобалары бір жерге жинақталған. Оқушыға оларды интернеттен бөлек іздеудің қажеті жоқ», — деді ол.
Жүйенің маңызды тұстарының бірі — прогресті бақылау. Оқушы өз дамуын, нәтижелерін және қай бағытта ілгерілеп жатқанын көре алады. Бұл білім алуға саналы түрде қарауға көмектеседі.

«Бұл жүйе тек бір оқушы үшін емес. Ол мектептер, аудандар және тұтас облыс деңгейінде қай бағыттардың мықты екенін, қай жерде таланттар көп екенін, қай салаға қолдау қажет екенін көрсетеді. Осылайша, Qabilet — жай ғана платформа емес, таланттармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін құрал», — деп атап өтті әзірлеуші.
Даниил Степаненконың айтуынша, бұл жүйені енгізу СҚО-ны елде таланттармен жұмыс Big Data негізінде жолға қойылған алғашқы өңірге айналдыруы мүмкін.
«Біріншіден, бұл дарынды оқушыларды ерте кезеңде анықтауға және оларды назардан тыс қалдырмауға мүмкіндік береді. Қазір олардың көпшілігі байқалмай қалып жатады, ал бұл платформа арқылы әр бала жүйеде болады.
Екіншіден, жастардың дамуын басқаруға жол ашады: қай бағыттар күшті, қай жерде әлеует бар, қайда ресурстар қажет бәрі көрінеді. Үшіншіден, бұл облыстың нәтижелеріне тікелей әсер етеді. Олимпиадалар мен байқауларға қатысушылар мен жеңімпаздар саны артып, өңірдің республикалық деңгейдегі көрсеткіштері жақсарады. Сонымен қатар мектептер мен білім басқармалары үшін нақты деректерге негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құрал пайда болады», — деді оқушы.

Қазіргі таңда жоба сарапшылар алдында таныстыру және қорғау үшін белсенді түрде жетілдіру және кеңес алу кезеңінде тұр.
