Жеке тұрғын үйде шыққан өрттен зейнеткер мерт болды
February 12, 2026 12:49

12 ақпан күні таңертең Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы аудан орталығында орналасқан жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы «112» пультіне хабарлама түсті, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО ТЖД мәліметінше, алғашқы бөлімшелер оқиға орнына жеткен кезде ғимарат толығымен отқа оранған, яғни құрылыс аумағының барлығында ашық жану байқалған. Өрт сөндірушілер дереу жалынды ауыздықтауға кіріскен, алайда үй иесін құтқару мүмкін болмады.
«Өртті сөндіру және құрылымдарды бұзу барысында 1958 жылы туған әйел адамның мәйіті табылды», – деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайды жоюға жеке құрамнан 10 адам және 2 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.
