2025 жылы Петропавлда 6 мың ағаш және 371 мың гүл отырғызылды

Петропавлда көктем-күз кезеңіндегі көгалдандыру жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Петропавл әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, қаланың саябақтары, скверлері мен шағын аудандарында шамамен 6 мың ағаш және 371 мың дана гүл отырғызылған. Бұл шаралар экологиялық жағдайды жақсарту және жайлы қала ортасын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Атқарылған жұмыс көлемі ауқымды болғанымен, қала әкімі жасыл қорды күтіп ұстау, бақылау және жаңарту бойынша қабылданып жатқан шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін мойындады.
«Мәселенің ықтимал шешімі ретінде көгалдандырумен тұрақты айналысатын мамандандырылған басқарушы компания құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Біздің қаламызда мұндай міндетті қажетті құзыреттері мен білікті мамандары бар ботаникалық бақ атқара алар еді», – деді СҚО ӨКҚ брифингінде Серік Мұхамедиев.
