8–14 маусым аралығында Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы қандай болады

Маусым айының салқын әрі құбылмалы басталуынан кейін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын қысқа мерзімді жылыну күтіп тұр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Алайда аптаның екінші жартысында жазғы аптап қайтадан жаңбыр, найзағай және қатты желмен қатар жүреді.
«Қазгидромет» мәліметінше, 8 маусым күні өңірде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжануда. Соған қарамастан ауа температурасы айтарлықтай көтеріледі: түнде термометр бағаны +10…+15 градус болса, күндіз ауа +28…+33 градусқа дейін ысиды. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кей жерлерде екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
9 маусымда аптап ыстық біршама бәсеңдейді. Түнде облыстың батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі, ал күндіз жауын-шашын өңірдің басым бөлігін қамтиды. Батыс және солтүстік аудандарда кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, желдің екпіні күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде +12…+17 градус, күндіз +25…+30 градус болады.
10 маусымнан бастап ауа райы солтүстік-батыстан келетін ауа массаларының ықпалымен өзгере бастайды. Облыс аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыс және солтүстік аудандарда бұршақ пен дауылды жел болуы ықтимал. Күндізгі температура +22…+27 градусқа дейін төмендейді, ал түнде +12…+17 градус шамасында сақталады.
11 маусымда да осындай ауа райы күтіледі. Өңірде найзағайлы жауын-шашын сақталып, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел болжанады. Түнде ауа температурасы +10…+15 градус, күндіз +22…+27 градус болады.
12 маусымда жаңбыр мен найзағай негізінен облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында байқалады. Температуралық фон айтарлықтай өзгермейді: түнде +10…+15 градус, күндіз +22…+27 градус. Жел солтүстік-батыстан соғып, кей жерлерде екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді.
Синоптиктер облыс тұрғындарына сапарлар мен ашық аспан астындағы жұмыстарды жоспарлау кезінде ауа райының нашарлау қаупін ескеруге кеңес береді. Әсіресе найзағай, бұршақ және қатты жел болжанған күндері сақ болған жөн.
