Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Абылай хан резиденциясында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Абылай хан резиденциясында жаңа Конституция жобасы талқыланды

February 20, 2026 15:51

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының ережелерін түсіндіруге арналған кезекті кездесу өтті. Ашық диалог алаңы ретінде « Абылай хан резиденциясы» музей кешені таңдалып, онда Республикалық комиссия мүшесі Болат Кожахметовтың, “Абылай хан” музей кешенінің қызметкерлерінің, сондай-ақ «Ислам мәдениеті музейінің» өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Іс-шараның негізгі мақсаты – елдің Негізгі заң жобасындағы басты нормалар мен жаңашылдықтарды жан-жақты талқылау, сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар бойынша пікір алмасу болды.

Дөңгелек үстел форматы қатысушыларға құжатты әзірлеушілердің ресми ұстанымымен танысып қана қоймай, өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы мен құжатта айқындалған тұжырымдамалық тәсілдер назарға алынды. Қатысушыларға негізгі ережелер бойынша түсіндірмелер беріліп, ұсынылып отырған реформалардың логикасы мен жобаны әзірлеу кезеңдері егжей-тегжейлі баяндалды. Құжатты дайындау жұмыстары кешенді әрі жүйелі сипатта жүргізіліп, алты айдан астам уақытқа созылғаны атап өтілді.

Дайындық үдерісіне Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық мүшелері, қоғам қайраткерлері және азаматтық белсенділер қатысқан.

Талқылау барысында Конституцияның жаңа редакциясында бекітілуі және күшейтілуі ұсынылған қағидаттарға ерекше көңіл бөлінді. Басым бағыттардың қатарында әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, азаматтардың ел басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бар.

Сонымен қатар экологиялық жауапкершіліктің мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретіндегі мәні де атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мұндай кездесулер ашық қоғамдық пікірталастың қалыптасуына ықпал ететінін және түрлі сала өкілдерінің, соның ішінде мәдениет пен музей мекемелерінің қызметкерлерінің елдің құқықтық даму перспективаларын талқылауға белсенді атсалысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Музей қызметкерлері диалогты жалғастыруға мүдделілік танытып, конституциялық өзгерістердің мәнін халыққа кеңінен түсіндірудің маңыздылығын жеткізді.

Shares