Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Аграрийлер мен кәсіпкерлерге жаңа қаржылық құралдар таныстырылды

Аграрийлер мен кәсіпкерлерге жаңа қаржылық құралдар таныстырылды

April 16, 2026 17:50

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында бизнеске мемлекеттік қолдау шараларына арналған түсіндіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кездесуді «Respublica» партиясы қаржы институттары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырды. Іс-шара барысында өңірдің аграрийлері мен кәсіпкерлеріне арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» филиалының директоры Арман Саликовтың айтуынша, қатысушыларға қолданыстағы қолдау бағдарламалары таныстырылды.

«Аграрлық несие корпорациясы «Атамекен» палатасы ұйымдастырған жиын аясында жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктерін түсіндіріп жатыр. Бұл — көктемгі егіс жұмыстарына 5% мөлшерлемемен берілетін бағдарламалар, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік» және «Береке» бағдарламалары. Бұл бағыттар бойынша қаржыландыру 6% мөлшерлемемен жүзеге асырылады», — деді спикер.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын салуға 10 жылға дейінгі мерзіммен жылдық 6% мөлшерлемемен қаржыландыру шарттары ұсынылды.

Арман Саликовтың мәліметінше, «Кең Дала» бағдарламасы аясында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 86 млрд теңге бөлінген. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап 400-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қолдау алған. Қаржыландыру тікелей корпорация арқылы, сондай-ақ «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, екінші деңгейлі банктер және кредиттік серіктестіктер арқылы жүзеге асырылған.

«Жаңа бағдарламалар енді ғана бекітілді, қазіргі уақытта өтінімдер белсенді түрде қабылданып жатыр. Элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын қаржыландыру да биылғы жылдың сәуір айында бекітілді», — деп қосты ол.

Іс-шараның мақсаты туралы Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы, сондай-ақ «Respublica» партиясының Re.Women әйелдер қауымдастығының төрайымы Әсел Кұнанова айтып берді:

«Бүгін Кәсіпкерлер палатасы Re.Women әйелдер қауымдастығымен бірлесіп, мемлекеттік қолдаудың барлық қаржылық құралдарын түсіндіруге бағытталған іс-шара өткізіп отыр. Қазіргі таңда бұл тақырып өте өзекті. Кәсіп ашу мен дамыту үшін қаржыландыру қажет, алайда әр кәсіпкер оның қайдан және қандай шарттармен берілетінін біле бермейді», — деді ол.

Оның айтуынша, кездесуге қаржы институттарының өкілдері, соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлік басқармасы және мансап орталығы шақырылған.

«Бүгінгі күні екі негізгі құрал бар — жеңілдетілген несиелеу және гранттық қаржыландыру. Бұл мүмкіндіктер туралы кәсіпкерлерге қаржы ұйымдарының өкілдері тікелей ақпарат берді», — деп атап өтті Әсел Кұнанова.

Сондай-ақ ол бұл кездесудің биылғы жылғы алғашқы осындай алаң болғанын айтты. Бұған дейін іс-шаралар жекелеген форматта өткізілсе, бұл жолы ұйымдастырушылар барлық қолданыстағы және жаңа қолдау шараларын бір алаңда біріктіруді жөн көрген. Кездесу аясында қатысушыларға қолданыстағы бағдарламалармен қатар, 2026 жылы енгізілген жаңа бастамалар да таныстырылды. Олардың қатарында мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешен инфрақұрылымын кеңейту бағыттары бар.

Shares