Айдын Қабдұлдинов Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды

Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы болып Айдын Тоқтарұлы Қабдұлдинов тағайындалды, деп хабарлайды QZ NEWS @prokadrykz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ол 2022 жылғы қаңтар айынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы ПД-ны басқарған.
Айдын Қабдұлдинов 1998 жылы ҚР ІІМ Алматы заң институтын тәмамдаған. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Өскемен қалалық ІІБ-де тергеуші қызметінен бастаған. 2000 жылдан бастап Алматы қаласының ішкі істер органдары бөлімшелерінде қызметін жалғастырды.
2004 жылдан бастап Алматы қалалық ІІД-нің Ішкі қауіпсіздік басқармасында жұмыс істеп, әр жылдары тергеуші, жедел уәкіл, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
2012 жылдан – Алматы қалалық ІІД Ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, 2017 жылдан бастап осы бөлімшенің басшысы болды. Сондай-ақ оның қызметтік тізімінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығы қызметі де бар.
2020 жылғы 23 сәуірде Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2022 жылғы 27 қаңтарда ҚР Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың бұйрығымен, Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған.
