«Бүгінгі күннің батырлары»: 102 қызметінің операторынан элиталық арнайы жасақ жауынгеріне дейін – Дарина Білденованың қызметі мен жеңіс жолы

№17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің 6-сынып оқушылары полиция қызметінің қыр-сырын жақынырақ танып-білуге мүмкіндік алды. Оқу орнына СҚО полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Дарина Білденова шақырылды. Кездесу барысында ол оқушыларға өз қызметі туралы айтып, құқық қорғау органдарындағы жұмыс қандай мүмкіндіктер ашатынын түсіндірді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын Дубайда өткен UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық арнайы бөлімшелер жарысы туралы әңгіме тудырды. Дарина Қазақстанның әйелдер құрамасы «Tomiris» сапында осы беделді додаға қатысып, команда жоғары нәтиже көрсетті. Көрсеткен кәсібилігі мен батылдығы үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталып, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен полиция майоры арнайы атағы мерзімінен бұрын берілді.

Кездесуге 2025 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Жас сақшы» құқық қорғау бағытындағы сыныптың оқушылары да қатысты. Бұл сыныпта ұл-қыздар заң саласының негіздерімен танысып, құқыққа қатысты пәндерді меңгеріп, болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге дайындалады.
Дарина Білденова полициядағы еңбек жолын 2019 жылы бастаған. Еңбек жолы «102» қызметінде оператор жұмысынан басталды. Екі жылдан кейін жақсы дене дайындығы мен табандылығының арқасында іріктеуден өтіп, облыстық полиция департаментінің ЖҚАЖ құрамына қабылданды. Оның айтуынша, бұл мамандықты ол бала кезінен таңдаған.
Дарина оқушыларға өз оқу жылдарында мұндай бейінді сыныптардың болмағанын, сондықтан көп нәрсені өз бетімен меңгеруге тура келгенін айтты. Оның кәсіби таңдауына әкесінің үлгісі зор әсер еткен. Әкесі ұзақ жылдар бойы полицияда қызмет атқарып, учаскелік инспектордан бастап жедел уәкіл, кейін Тимирязев ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
Әкесінің еңбегін көре отырып, ол өз жолын нақты айқындаған.

«Мен әкемнің қызметіне және адамдарға деген көзқарасын көріп өстім. Сол кезде-ақ ел игілігі үшін қызмет етіп, полиция формасын киюді мақсат еттім», – деп бөлісті ол оқушылармен.
Кездесу барысында оқушылар қонаққа арнайы бөлімшелер дайындығы, халықаралық жарыстар және полиция қызметінің ерекшеліктері туралы түрлі сұрақтар қойды. Көпшілігі үшін бұл әңгіме мамандыққа жаңаша көзқараспен қарап, болашақ мамандық таңдау туралы ойлануға мүмкіндік берді.
