Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ербол Исақаев: «Kozybayev University мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды»

Ербол Исақаев: «Kozybayev University мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды»

January 21, 2026 10:27

Kozybayev University Басқарма төрағасы – Ректоры Ербол Исақаев Ұлттық құрылтайдың V отырысының қорытындыларына қатысты өз көзқарасын білдірді. Оның пікірінше, Қызылордада өткен диалог форматы Қазақстанда қоғамның үні мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал ететінін айқын көрсетті, деп хабарлайды QZ News.

Ербол Исақаев Ұлттық құрылтай қоғамдық бастамаларды жинақтап, оларды мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен үйлестіретін тиімді тетік ретінде орныққанын атап өтті.

«Ең бастысы, алдыңғы отырыстарда ұсынылған көптеген бастамалар бүгінде заңнамалық актілерде және нақты практикалық шараларда өз көрінісін тапты. Бұл қоғамдағы сенімді арттырып, мемлекеттік басқаруды ашық әрі азаматтардың нақты сұраныстарына бағытталған етеді. Мемлекет басшысы қазіргі заманның жоғары қарқынмен дамып жатқанын және экономикада да, кадр даярлау жүйесінде де қалыптасқан тәсілдерді қайта қарауды талап ететінін орынды атап өтті», – дейді Kozybayev University Басқарма төрағасы – Ректоры.

Kozybayev University-де Президенттің жасанды интеллекттің рөлі туралы айтқан сөздеріне ерекше мән берілді. Ербол Исақаевтың айтуынша, университет бұл бағытта қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

«Университетте Жасанды интеллект орталығы ашылды, сондай-ақ Tomorrow School цифрлық зертханасы іске қосылуда. Бұл жай ғана аудиториялар мен зертханалар емес, оқу, ғылым және инновация нақты міндеттер төңірегінде тоғысатын кеңістіктер. Біз әсіресе Солтүстік Қазақстан өңірі үшін маңызды аграрлық секторды цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығында жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық шешімдерді қолдану агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін, тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, цифрлық трансформация біздің университет үшін абстрактілі ұғым емес, нақты білім беру бағдарламалары, қолданбалы зерттеулер және нақты секторлармен серіктестік болып табылады», – деп атап өтті Ербол Исақаев.

Құрылтай барысында идеологиялық және мәдени күн тәртібіне де айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» бастамалары, «Қазақстан балалары» бағдарламасы, сондай-ақ әділдік, еңбекке құрмет, қоғамдық этика мен қауіпсіздік мәселелері көтерілді.
Ербол Исақаев Құрылтайдың идеологиялық бағытын да ерекше атап өтті.

«Адал азамат» пен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары Kozybayev University-дің тәрбие беру миссиясына белсенді түрде енгізілген. Ректордың айтуынша, бүгінгі таңда нағыз патриотизм студенттердің күнделікті оқуында және еңбегінде жауапкершілік пен кәсібилік арқылы көрініс табады.

«Мұндай ұстаным университеттік ортаға ерекше жақын, себебі мұнда құндылықтар біліммен, еңбектің нәтижесімен және жеке үлгімен дәлелденеді. Kozybayev University мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды. Біз алдағы уақытта да білім мен ғылымды дамытуға, Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын, ойлы әрі отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуге үлес қоса береміз», – деп түйіндеді университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры.

Shares