Ғарышкер Айдын Айымбетов Петропавлда Владимир Шаталовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты

Петропавл қаласында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, ұшқыш-ғарышкер, қала тумасы және отандық ғарыш саласының көрнекті өкілі Владимир Шаталовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараға СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, әкім аппаратының жетекшісі Руслан Әлішев, сондай-ақ Қазақстандық ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов қатысты.
Қатысушылар әлемдік ғарыш саласының дамуына елеулі үлес қосқан атақты ғарышкердің рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қою рәсімі ғарышты игерудің алғашқы қадамдарын жасаған тұлғаларға деген құрметтің символына айналды.
СҚО-ға сапары барысында Айдын Айымбетов ғарыш саласының алғашқы тұлғаларын ұмытпау маңыздылығын атап өтіп, жастар арасында ғарыш саласын насихаттаудың қажеттігін айтты.
«Біз Солтүстік Қазақстан облысына, Петропавл қаласына жұмыс сапарымен келдік. Алғашқы күндерде Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Владимир Шаталовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Бұл — ғарыш кеңістігін зерттеудің алғашқы қадамдарын жасаған ғарышкерлерге көрсетілген құрмет», — деді Айдын Айымбетов.
Жұмыс сапары аясында колледждер мен университет студенттерімен кездесулер де жоспарланған. Негізгі тақырып — ғарыш қызметінің дамуы және Қазақстандағы саланың болашағы. Ғарышкердің айтуынша, адамзат ғарышты игерудің жаңа кезеңіне аяқ басуда.
«Ғарыш қызметін кеңінен насихаттау маңызды. Пилоттық ұшулардың жаңа дәуірі басталып келеді. Жақын болашақта Айға қайта ұшу және ғылыми станциялар салу шындыққа айналады деп ойлаймын. Біздің міндетіміз — жастарға Қазақстандағы ғарыш саласының дамуын, оның мүмкіндіктері мен мақсаттарын көрсету», — деді ол.
Айдын Айымбетов Владимир Шаталов туралы жеке естеліктерімен де бөлісті. Оның айтуынша, олар ғарышкерлер жасағында бірге дайындықтан өткен.
«Владимир Александрович өте білімді, сабырлы және байыпты адам ретінде есте қалды. Ол ғарышқа дайындалу ғана емес, өмірлік сынақтардан өту бойынша да жақсы кеңестер беретін. Оның “кез келген іске мұқият қарау керек, ал жеңіс әрқашан дайындықты жақсы көреді” деген сөзі ерекше есімде қалды», — деді ғарышкер.
