Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Kozybaev University студенттерге арналған жаңа креативті кеңістіктер және спортпен шұғылданатын орындар ашты

Kozybaev University студенттерге арналған жаңа креативті кеңістіктер және спортпен шұғылданатын орындар ашты

March 10, 2026 10:31

Kozybaev University базасында 1200 орындық жатақханада студенттерге арналған жаңа локациялардың ашылуы өтті. Салтанатты шараға University of Arizona өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Нысандар солтүстікқазақстандық кәсіпкер Дамир Эриктің қолдауымен ашылды. Бұл туралы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады QZ NEWS.

Шығармашылық пен білім алуға арналған қызықты орындардың бірі – ұлттық нақышта безендірілген коворкинг орталығы. Мұнда студенттер шахмат ойнап, кітап оқып, үй тапсырмаларын орындап, еркін әңгімелесе алады. Сонымен қатар жаңа PlayStation бөлмесінде демалып, сүйікті бейнеойындарын ойнауға мүмкіндік бар.
Студенттер пайдалы дағдыларды тігін цехында және екі арнайы сыныпта меңгере алады. Мұнда матаны пішу, тігу, маталық принтпен жұмыс істеу, сондай-ақ киім дизайнын үйренуге жағдай жасалған. Оқу тегін жүргізіледі.

«Біз студенттер үшін кампусты үнемі жетілдіруге тырысамыз. Жастардың жайлы әрі қолайлы өмір сүруі үшін бірнеше ерекше кеңістік аштық. Себебі дәл жастар – біздің болашағымыз», – деді Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исақаев.

Жылы кездесулер өткізуге арналған тағы бір жаңа орын – студенттік кофехана. Ол жатақхана тұрғындарының сүйікті мекеніне айналып үлгерді.

«Біз кешкі 11-ге дейін жұмыс істейміз, мұнда үнемі адамдар бар. Жастардан өзіміз де сергектік пен жағымды энергия аламыз. Студенттердің түрлі бастамалары мен идеялары көп. Бұл орынды олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған тартымды орталыққа айналдырғымыз келеді», – деді Дамир Эрик.

Сонымен қатар Bank CenterCredit қолдауымен бассейн ғимаратында жаңартылған тренажер залы ашылды. Университет серіктестері жөндеу жұмыстарына, 15 тренажер мен қосымша спорттық жабдық алуға демеушілік қаражат бөлген. Мұнда студенттердің сабақтары өтеді, сондай-ақ қала тұрғындары да жаттыға алады.

Бассейнде жүзу мен  аквааэробикадан бөлек фитнес, емдік дене шынықтыру, йога, джампинг, сауықтыру гимнастикасы және кросс-фит бойынша абонементтік және бір реттік сабақтар ұйымдастырылған. Студенттер түрлі спорт секцияларына да қатысады.

Shares