Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Kozybayev University Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық әріптестігін кеңейтуде

Kozybayev University Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық әріптестігін кеңейтуде

April 8, 2026 11:29

Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев Алматы қаласында өткен екі елдің II ректорлар форумына қатысты. Кездесудің басты қорытындысы — Әзербайжанның үш ірі жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Әзербайжанның жетекші университеттерін біріктірген «Study in Azerbaijan» білім көрмесі өтті. Аталған шара академиялық байланыстарды кеңейтуге және студенттерді шетелде білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруға бағытталған. Көрме аясында қазақстандық және әзербайжандық жоғары оқу орындарының II ректорлар форумы ұйымдастырылды. Оған Kozybayev University басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев қатысты.

Форум Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжанның ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев төрағалығымен өтті.
Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі — екі ел университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою болды. Kozybayev University Mingachevir State University, Sumgayit State University және Azerbaijan University жоғары оқу орындарымен келісімдер жасасты.

Жоспарланған әріптестік бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасу, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша студенттер қабылдау, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру көзделген.

Сонымен қатар тараптар бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға, оқытудың инновациялық әдістерін енгізу тәжірибесімен және тиімді басқару практикаларымен алмасуға, сондай-ақ экологиялық менеджмент пен тұрақты даму бағытындағы бастамаларды дамытуға ниетті. Қол жеткізілген келісімдер университеттің халықаралық байланыстарын нығайтып, ғылыми әлеуетін арттыруға және жаһандық білім беру кеңістігінде мамандар даярлау сапасын көтеруге ықпал етеді деп күтілуде.

Shares