Kozybayev University екі бірінші курс студенті туыстарынан туберкулез жұқтырған

Kozybayev University университетінің 1-курс студенттері арасында туберкулез ауруының екі жағдайы тіркелді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, бірінші студент 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап белсенді туберкулез диагнозымен динамикалық бақылауға алынған.
«Екінші студент те 2026 жылғы 21 қаңтарда белсенді туберкулез диагнозымен динамикалық бақылауға алынды. Қазіргі уақытта екеуі де қалалық емханада амбулаторлық ем қабылдауда. Науқастардың екеуі де 2026 жылғы 14 қаңтарда белсенді туберкулез диагнозымен динамикалық бақылауға алынып, “ОФПО” КМК ШЖҚ стационарында ем алып жатқан туысымен тығыз отбасылық байланыста болғандықтан жүргізілген тексеру барысында анықталды», — деп хабарлады QZ NEWS редакциясына СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Барлық науқастар туберкулезге қарсы емді қанағаттанарлық деңгейде көтеріп жатқаны атап өтілді. Университет әкімшілігі мен медициналық қызметтер тарапынан қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданған.
Сондай-ақ науқастармен байланыста болуы мүмкін студенттер жоспарлы түрде медициналық мекемелерге тексеруден өту және талдаулар тапсыру үшін жіберіліп жатқаны белгілі болды.
