Kozybayev University командасы SERPIN WAY кәсіби бағдар беру экспедициясынан оралды

Kozybayev University командасының «SERPIN WAY 2.0» брендтелген автобусымен ұйымдастырылған экспедициясы аяқталып, елдің ондаған елді мекенін қамтып, мыңдаған шақырымды артта қалдырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ұзындығы шамамен 6800 шақырымды құраған маршрут Қазақстанның солтүстігін оңтүстік өңірлерімен байланыстырып, тек географиялық қана емес, білім беру көпіріне айналды.
Жоба 31 наурыздан бастап жүзеге асырылып, 24 қатысушыны – оқытушыларды, студенттерді, қоғам өкілдерін және мансап орталығының мамандарын біріктірді. Сапар барысында команда ауқымды кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарымен тікелей диалогқа ерекше мән берді.
Негізгі мақсат тек ақпарат беру емес, жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу болды.
Керуен жеті облысты – Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе өңірлерін қамтыды. Жалпы алғанда, қатысушылар 14 қалаға, 16 ауыл мен аудан орталықтарына барды, соның ішінде сапалы кәсіби бағдар беру мүмкіндігі шектеулі шалғай елді мекендер де қамтылды. Экспедиция барысында шамамен 120 кездесу мен іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан астам оқушы және 1800-ден астам ата-ана қатысты.
Серпін білім беру бағдарламасының мүмкіндіктерін түсіндіруге ерекше назар аударылды. Бұл бағдарлама он жыл ішінде жастар үшін тиімді әлеуметтік жоба ретінде өзін дәлелдеді.
Kozybayev University бұл бағдарламаға 2014 жылдан бері қатысып, 1400-ден астам маман даярлап шығарды.
Оңтүстік өңірлердің оқушылары үшін университет өкілдерімен кездесулер гранттар, оқуға түсу шарттары, заманауи білім беру бағдарламалары және студенттік өмір туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік берді. Қатысушыларға қазақстандық дипломмен қатар халықаралық білім алу мүмкіндіктері, соның ішінде University of Arizona университетімен бірлескен қос дипломды бағдарламалар туралы айтылды. Сондай-ақ университет барлық өзге өңірден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ететіні атап өтілді.
SERPIN WAY жобасы қатарынан екінші жыл жүзеге асырылып отыр. Өткен жылғы экспедиция қорытындысы бойынша жоғары оқу орнына оңтүстік өңірлерден 130-дан астам талапкер оқуға түсті. Биыл бастаманың ауқымы едәуір кеңейіп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
