Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаты Анас Бакқожаев Kozybayev University-дегі инновациялық технологиялармен танысты

Мәжіліс депутаты Анас Бакқожаев Kozybayev University-дегі инновациялық технологиялармен танысты

January 8, 2026 11:23

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Анас Бакқожаев Kozybayev University-ге барды. Ол қазақстан-қытай бірлескен бірегей зертханалар мен ғылыми жобалармен танысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, мәжілісменнің ерекше назарын аграрлық блок аударды. Азық сапасын талдау зертханасында мейманға дәнді және майлы дақылдардың ылғалдылығы, майлылығы, протеин мөлшері және өзге де көрсеткіштері қалай анықталатыны көрсетілді. Сондай-ақ университетте сүт сапасын талдайтын анализатор, сұйықтық және газдық хроматографтар бар. Бұл жабдықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің, судың, пестицидтердің және өсімдіктерді қорғау құралдарының сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Қытайлық әріптестер ұсынған жабдықтармен қамтылған өсімдік биотехнологиясы зертханасында ғалымдар Солтүстік Қазақстан облысының жағдайына төзімді, сау сорттарды шығару жұмыстарымен айналысуда. Анас Бакқожаевтың айтуынша, аграрлық сектор дәстүрлі түрде жетекші орын алатын өңір үшін бұл жабдықтардың маңызы зор.

Сондай-ақ қонаққа медициналық зертханалар таныстырылды. Жедел медициналық көмек симуляторы, заманауи имитациялық манекендер мен IT-бағдарламалар студенттерге кәсіби дағдыларын шыңдауға көмектеседі. Бұл жабдықтар тәжірибелі медицина қызметкерлерін оқытуға және біліктілігін арттыруға да мүмкіндік береді. Биыл жедел жәрдем қызметінің 70 дәрігері осындай оқытудан өтті.
Бұдан бөлек, Анас Бакқожаевқа машина жасау саласындағы робототехникалық жүйелер зертханасы көрсетілді. Мұнда болашақ инженерлер машина жасау және робототехника дағдыларын меңгереді. Мұның барлығы дуальды оқыту элементтерімен бірге 3-курстан кейін-ақ студенттердің өңір кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатып, кейін жұмысқа орналасуына жол ашады.

«Университеттің ғылыми жобалары көрмесінде ҚР Мәжіліс депутаты жоғары оқу орны ғалымдарының зерттеу бағыттарымен танысты. Ғылыми жобалар өңір мен елдің негізгі сұраныстарына бағытталған: аграрлық сала, су ресурстары, күкіртті полимерлеу, IT-шешімдерді іздеу және басқа да бағыттар. Сонымен қатар университет дипломдық жобалардың бағыттарын жасанды интеллектті қолдану және өңір қажеттіліктерін ескеру арқылы қайта бағдарлады», – делінген хабарламада.

Shares