Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Нұр бөбек» балабақшасының тәрбиеленушілері топтары сақтала отырып, уақытша басқа мектепке дейінгі ұйымдарға ауыстырылады

«Нұр бөбек» балабақшасының тәрбиеленушілері топтары сақтала отырып, уақытша басқа мектепке дейінгі ұйымдарға ауыстырылады

June 4, 2026 12:17

Қоғамдық резонанс тудырған жағдайдан кейін «AMANAT» партиясы СҚО филиалының өкілдері «Нұр бөбек» балабақшасына барып, ахуалмен танысты. Облыстық мәслихат депутаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңестің мүшесі Галина Семенова, партиялық бақылау инспекторы Азат Омаров және қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова ғимаратты аралап, мекеме басшылығымен кездесіп, техникалық тексеру қорытындыларын зерделеді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мамандандырылған ұйымның қорытындысына сәйкес, 1936 жылы салынған ғимарат апат алдындағы жағдайда деп танылған және айтарлықтай физикалық тозуға ұшыраған. Тексеру барысында ғимарат астындағы жер деңгейі бірінші қабат еденінен өте төмен орналасқаны анықталып, бұл көктемгі су тасқыны кезінде нысанды су басу қаупін тудыратыны айтылды. Сонымен қатар, ғимараттың таяз қаланған қожбетон іргетастары қалпына келтіруге және жөндеуге жарамсыз деп танылса, ағаш жабындылары апатты жағдайда екені көрсетілген.

– Ғимараттың алдағы тағдырына қатысты мәселе шешілгенге дейін балалар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәрбиеленушілер жақын маңдағы «Батыр» балабақшасы мен «Нұр бөбек» бөбекжай-бақшасы жанындағы шағын орталыққа ауыстырылады. Бұл ретте балалар ұжымдары (топтар) толық сақталады, – делінген «AMANAT» партиясы СҚО филиалының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Партия өкілдері мектепке дейінгі ұйымдардағы барлық жоспарланған ұйымдастыру шараларын жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтауды ұсынды.

Shares