Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ел дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ел дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

April 14, 2026 18:17

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге белсенді қатысқан өңір тұрғындары да ерекше атап өтілді.
Мемлекеттік ордендер мен медальдар түрлі сала өкілдеріне табысталды. Атап айтқанда, Аққайың ауданы «Дайындық» ЖШС директоры Біржан Шаймерденов «Барыс» орденінің III дәрежесімен марапатталды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішевке «Парасат» ордені табысталды. Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов «Құрмет» орденімен наградталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке берілді. Сондай-ақ мемлекеттік наградалар облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа, ардагерлер ұйымының белсендісі Нелли Ивановаға, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаевқа, «Новоишим ұн комбинаты» ЖШС бас директоры Нұрлан Жүнісовке, сондай-ақ Аққайың ауданындағы «Полтавское» ЖШС директоры Ерлан Зікіринге табысталды. Сонымен қатар оларға төсбелгілер беріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.

Алғыс хаттармен «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Болат Базарбаев, «Urpaq» қоғамдық бірлестігінің – қазақ мәдени-ағарту орталығының атқарушы директоры Гүлбахша Мұсабаева, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко марапатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өткен референдумның маңыздылығын және оның нәтижелерін іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне көшкенін атап өтті.

«Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға арналған кездесулер сериясын жалғастырып келеміз. Бұған дейін тарихи таңдау фактісі туралы айтсақ, бүгінде сол таңдаудың нақты іске асу кезеңіне өткенін атап өткен жөн», – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Негізгі заңның ережелерін ілгерілету және енгізу жөніндегі үкіметтік жоспар бекітілген. Қазіргі таңда заңнаманы және басқарушылық шешімдерді жаңартылған Конституцияға сәйкестендіру бойынша жүйелі жұмыстар басталған.

«Референдум нәтижелері – бұл тек сандар мен көрсеткіштер ғана емес. Бұл – ең алдымен, азаматтардың сенімі. Сол сенімді нақты істермен ақтауымыз қажет», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ғауез Нұрмұхамбетов өңір тұрғындарының жоғары ұйымдасқандығы мен азаматтық жауапкершілігін, сондай-ақ әрбір қатысушының қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Бірі жергілікті жерде ұйымдастыру жұмыстарын атқарды, бірі халықпен жұмыс істеп, түсіндіру жүргізді, енді бірі тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етті. Осындай бірлескен еңбектің арқасында маңызды тарихи үдеріс жоғары деңгейде өтті», – деді ол.

Жиын соңында облыс әкімі марапатталған барлық азаматтарға алғыс білдіріп, олардың еңбегі өңірдің одан әрі дамуына негіз болатынын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – қорытынды емес, жаңа міндеттерге көшу кезеңі. Реформалардың тиімділігі, өңірдің тұрақты дамуы және азаматтардың сенімі біздің жұмысымызға байланысты. Әрқайсыңызға кәсібилік, жауапкершілік және белсенділік үшін алғыс айтамын», – деп түйіндеді ол.

Shares