Өнеркәсіп өсімі мен жаңа инвестициялық жобалар: СҚО-да алғашқы жартыжылдықтың қорытындылары шығарылды

Солтүстік Қазақстан облысында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында қала және аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерін, инвестициялық жобалардың іске асырылуын және жергілікті бюджеттің орындалуын талқылады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша еліміздің үздік бес өңірінің қатарына енді. Көрсеткіш 114,5 пайызды құрап, республика бойынша бесінші орынға тұрақтады. Ең жоғары өсім сауда, өнеркәсіп және өңдеу секторында тіркелді.
«Ауыл шаруашылығындағы өсім – 3,8%, өнеркәсіпте – 18,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 17,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 5,6%, сауда – 27,8%, көлік – 10,3%, байланыс – 2,9% болды», – деді СҚО әкімдігі экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Есіл, Аққайың аудандары мен Шал ақын ауданы үздік нәтиже көрсетті. Ал ең төмен көрсеткіштер Ақжар ауданы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан және Петропавл қаласында тіркелді.
Жиында агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ерекше назар аударылды. Жарты жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 105,3 миллиард теңгеге жетті. Өңірде 44 миллиард теңгеге 188,2 мың тонна сүт, 37,1 миллиард теңгеге 33,9 мың тонна ет және 327,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Алты айда тартылған инвестиция көлемі 98,6 миллиард теңгеге жуықтады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Негізгі инвесторлардың қатарында «Зенченко и К» КТ, «SALAR FARM» ЖШС, «Северный бройлер» ЖШС, «SEVER AGRO LTD» ЖШС және «ЕВРАЗИАН МИЛК» ЖШС бар.
Облыс әкімінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы біртіндеп аграрлық экономикадан аграрлық-индустриялық модельге көшіп келеді. Мұны өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері де дәлелдейді. Алты айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 517,5 миллиард теңгеге жетсе, оның 441,2 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
«Биылғы жылы өнеркәсіп өндірісінің жоспарланған көлемі – 1,1 триллион теңге. Ірі жобалардың қатарында бізге 208 миллиард теңге өнім беретін «ЗИКСТО» зауыты, ST ASSEMBLY, Петропавл электротехникалық зауыты және С.М. Киров атындағы зауыт бар. Жақсы жұмыс атқардық, енді осы қарқынды сақтап қалуымыз қажет», – деді өңір басшысы.
Алдағы жылдары жаңа кәсіпорындарды іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіптік әлеуеті едәуір артады. Ең ауқымды жобалардың бірі – Айыртау ауданында орналасқан Орталық Азиядағы ең ірі Сырымбет қалайы кен орнын игеру.
«Сырымбет кен орны бойынша биыл өндіріс көлемі шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Ал тау-кен байыту комбинатын салуға екі жыл ішінде 150 миллиард теңге инвестиция бағытталады. Мұнда мыңнан астам металлург қалайы өндірумен айналысады», – деді облыс әкімі.
Кеңесте инвестициялық белсенділік мәселесі де қаралды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 278,6 миллиард теңгені құрады. Оның 208,5 миллиард теңгесі – жеке инвестициялар. Дегенмен инвестиция тарту қарқыны жоспарланған деңгейден төмен қалып отыр.
«Бірқатар аудандар инвестиция тарту жоспарын орындаудан қалып келеді. Олардың қатарында Петропавл қаласы, Мамлют, Айыртау, Ақжар және Жамбыл аудандары бар. Өсім тау-кен металлургиясы, азық-түлік өндірісі және машина жасау салаларындағы жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі», – деді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.
Құрылыс саласы да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Алғашқы жартыжылдықта орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 77 миллиард теңгеге жетті. 102,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 340 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Тұрғын үй жобаларын жүзеге асыруға бюджеттен 9,4 миллиард теңге қарастырылған.
Өңірде жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы да жалғасуда. Жыл соңына дейін Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, Петропавл қаласында Ш. Уәлиханов пен Чкалов көшелерінің қиылысында орналасатын 280 орындық балабақша, «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аграрлық бағыттағы спорт манежі және арнайы экономикалық аймаққа арналған электр қосалқы станциясы пайдалануға беріледі.
Жиын қорытындысында облыс әкімі аудан әкімдері мен мемлекеттік органдар басшыларына бірқатар нақты міндет жүктеді.
«Екінші жартыжылдықта базалық салалардағы оң динамиканы сақтауға күш салу қажет. Басқару сапасын арттырып, жобаларды уақытылы іске асыру, инвестиция тарту және басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту маңызды», – деді өңір басшысы.
Жиынның екінші бөлігінде жергілікті бюджеттің орындалуы қаралды. Биылғы алты айда бюджетке 78,5 миллиард теңге түсіп, кіріс жоспары 1,3 миллиард теңгеге артығымен орындалды.
Бюджет шығыстары 306,5 миллиард теңге жоспардың 304,9 миллиард теңгесі көлемінде игерілді. Жалпы игерілмеген қаражат көлемі 1,609 миллиард теңгені құрады. Оның ең көп бөлігі Петропавл қаласына тиесілі болып, игерілмеген қаржы көлемі 1,339 миллиард теңгеге жетті.
