Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Орындалған әрі төленген, бірақ заңсыз: СҚО-да сот сабын жеткізуге арналған тендердің қорытындысын жойды

Орындалған әрі төленген, бірақ заңсыз: СҚО-да сот сабын жеткізуге арналған тендердің қорытындысын жойды

April 29, 2026 10:00

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әскери бөлім өткізген мемлекеттік сатып алулар қорытындысының заңдылығына қатысты істі қарады, деп хабарлайды QZ NEWS.

Іс материалдарына сәйкес, әскери бөлім қатты дәретхана сабынын баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алған. Сатып алу тек отандық тауар өндірушілер арасында жүргізілген. Жеңімпаз анықталып, келісімшарт орындалып, төлем жасалған. Алайда конкурсқа қатысушылардың бірі жеңімпаз аталған тауарды өндірмейтінін алға тартып, сотқа жүгінген.

«Талапкер конкурсқа қатысушы бола отырып, сатып алу нәтижелерімен келіспей, уәкілетті органдарға шағымданған, кейін сотқа жүгініп, жеңімпаз мәлімделген тауардың отандық өндірушісі болып табылмайтынын, осыған байланысты оны жеңімпаз деп тануға негіз болмағанын көрсетті.
Сот талқылауы барысында жеңімпаздың отандық тауар өндірушілер тізілімінде тіркелгені расталды, алайда ол дәретхана сабынын емес, басқа өнім түрін өндіретіні анықталды. Іс жүзінде тапсырыс берушіге басқа өндірушінің тауары жеткізілген», – делінген облыстық соттың баспасөз қызметі хабарламасында.

Сот барысында жеңімпаздың отандық тауар өндірушілер тізілімінде болғанымен, қатты дәретхана сабынын өндіруші емес екені, басқа өнім түрін шығаратыны анықталды. Ал нақты жеткізілген тауар өзге өндірушіге тиесілі болған.

«Ұлттық режимнен алып тастау қолданылған сатып алулар кезінде қатысу тек нақты тауар түрі бойынша отандық өндірушілер арасында ғана жүзеге асырылуы тиіс. Жіберілген заңбұзушылықтар талаптарға сай келмейтін тұлғаны жеңімпаз деп тануға әкелген», – делінген хабарламада.

Келісімшарттың орындалып, төлем жасалғанына қарамастан, сот мемлекеттік сатып алу рәсімінде елеулі заңбұзушылықтар болғанын анықтап, сатып алу қорытындыларын заңсыз деп танып, олардың күшін жойды.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылып, мемлекеттік сатып алу қорытындылары заңсыз деп танылып, күшін жойды, ал келісімшарт жарамсыз деп танылды.
Бұл шешім апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарда өзгеріссіз қалдырылды.

Shares