«Отан отбасынан басталады»: СҚО-да үздік отбасылар марапатталды

Петропавлда Қазақстандағы Отбасы күніне орайластырылған «Отан отбасынан басталады» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды. Марапаттау рәсімі М. Жұмабаев атындағы орталықта өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Байқауды СҚО әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі мен СҚО Аналар кеңесі ұйымдастырды. Оған облыс аудандарынан отбасылар қатысып, өз үлгісімен отбасылық дәстүрлердің, өзара құрмет пен белсенді азаматтық ұстанымның маңыздылығын көрсетті.
Байқау отбасы құндылықтарын нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, сондай-ақ балаларды рухани-адамгершілік және ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеуге бағытталды.
«Берік отбасы өзара құрметтен, түсіністіктен және бір-біріне деген жауапкершіліктен басталады. Мұндай отбасылар жас ұрпаққа үлгі болып, балаларға өмірлік тәжірибесін беріп, қоғамымыздың қалыптасуына ықпал ететін салт-дәстүрлерді сақтайды», – деп атап өтті байқауды ұйымдастырушылар.
Жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталды. «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясында елге пайдасы тиетін, белсенді азаматтарды тәрбиелеп өсірген отбасылар марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясы отасқандарына 50 жылдан асқан ерлі-зайыптыларға арналды. Ал «Күміс кереге» номинациясында 20 жылдан астам уақыт бірге тұрып келе жатқан және қоғамдық өмірге белсенді араласатын отбасылар марапатталды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Отбасыларға өмірлік өнегесі, отбасы институтын нығайтуға қосқан үлесі, дәстүрлерді сақтауы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі үшін алғыс айтылды.
