Петропавл еріктілері Жұмысшы кентінің зейнеткерлеріне көмектесуде

Олар әрдайым мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын. Петропавл қалалық Жастар ресурстық орталығының еріктілері жалғыз тұратын зейнеткерлерге бірнеше рет қолдау көрсеткен. Бұл жолы олар Жұмысшы кентінде тұратын Лазаревтер отбасына барды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Людмила Петровна мен Михаил Семенович Лазаревтер – екінші топтағы мүгедектер. Денсаулықтарына байланысты уақыт өте келе үй шаруасымен айналысу зейнеткерлер үшін қиынға соға бастаған.
Оларға әлеуметтік қызметкер тұрақты түрде барып тұрады. Ал қар күреу, су, отын мен көмір әкелу сияқты жұмыстарда егде жастағы жұпқа қалалық Жастар ресурстық орталығының еріктілері көмектеседі. Еріктілер Лазаревтер отбасына аптасына бір рет барып тұрады.
«Еріктілердің бәрі керемет, әрдайым кең пейілдерімен көмектеседі! Отын да, көмір де – барлығына жәрдемдеседі, шынымен бәріне. Үлкен алғысымызды білдіреміз, басымызды иеміз», – дейді зейнеткер Людмила Лазарева.

Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығының бақылауында 30 жалғыз тұратын зейнеткер бар. Еріктілер әрқайсысына тұрақты түрде көмек көрсетеді. Көбінесе еріктілер тобы жас жігіттерден, кейде қыздардан да құралады.
«Жігіттер біздің командада шамамен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Бізде “Помощь рядом” деген еріктілер қозғалысы да бар. Сонымен қатар олар Жастар ресурстық орталығында қызмет атқарады. Кейбірі бізге жастар практикасы арқылы келді, ал енді біреулері бұл жолды алғашқы жұмыс орны ретінде таңдады», – дейді Петропавл қалалық ЖРО маманы Айсұлу Бекімова.
Қыс мезгілінде еріктілердің негізгі жұмысы қар тазалауға бағытталады. Ал жазғы уақытта жастар қарттарға бау-бақша жұмыстарында көмектеседі: жер қазу, өсімдік отырғызу сияқты істерді атқарады.
Еріктілер қатарына жергілікті меценаттар да қосыла алады. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында жалғыз тұратын зейнеткерлерге тәтті сыйлықтар мен азық-түлікке толы пакеттер таратылды.
